Kyzylorda-news.kz. Президент қазақстандықтарды карантин шараларын сақтауға шақырды.

“Көптеген шет елдердегі коронавирус індетінің таралу жағдайы алаңдатарлық. Барлық жерде қатаң шаралар, оның ішінде, локдаун тәртібі қайта қабылданып жатыр. Қазақстандықтарды денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымдары мен карантин шараларын сақтауға шақырамын”, – деп жазды мемлекет басшысы Twitter парақшасында.

Президент үкімет бизнес пен экономиканың мүдделерін негізге ала отырып жұмыс істейтінін атап өтті.

“Пандемияның бірінші толқынымен күрес тәжірибесі ескерілді. Әкімдерге эпидемиологиялық жағдайға орай шешім қабылдауды тапсырамын. Бірақ бар мәселе азаматтардың өзіне тікелей байланысты”, – деді ол.

Қазіргі уақытта елде 3 461 адам коронавирусқа қарсы ем қабылдап жатыр, 313-і – бала. 135 науқастың жағдайы ауыр, тоғыз адам аса ауыр халде, он алты науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған.

1 тамыздан бері 37 574 адам коронавирустық пневмонияға шалдықты. 399-ы қайтыс болды, 28 687 адам жазылып шықты.

Тағы да оқыңыз: