Ақын жаны тыныштықты қаламайды, ол үнемі ізденіс үстінде, әрдайым толғаныста жүреді. Оның жан дүниесін түсіну, оны ұғу мүмкін емес. Осындай үнемі ізденісте жүретін, кейінгі ұрпаққа өзінің отансүйгіштікке баулитын әндерін қалдыруды, оларды жастарға насихаттауда талмай еңбек етіп келетін жанның бірі Сыр елінің ақын сазгері Өтемұрат Зияев.

Сыр елі қашанда өнерлі тұлғаларға кенде емес. Олардың арасында аты жер жаһанға таралған өнер иелері де, танылмаған таланттар да жетерлік. Зияевтың есімі көпшілікке белгісіз болғанымен, ол Сыр топырағынан шабыт алған талантты тұлға. Оның туындылары көпшілікке жіті таныс болмағанымен, әр шығармасы адамға ой салары, үлкен мен кішіні патриоттыққа тәрбиелейтіні анық.

Өтемұрат Бекжанұлы 1957 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында дүниеге келген. 1982 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, қазіргі таңда облыс орталығында тұрады.

Ағамыз сонау бала кезден бастап, өнерді бағалайтын, ән-жырға жаны құмар қазақтың қарапайым ұлы болды. Ол бос уақытында өлең жазып, ән шығаруды ұнатады. Қалам мен қағазды жанына серік еткен ақынның ең алғашқы туындыларының бірі – қазақтың ұлттық ойынына арналып жазылған «Тоғызқұмалақ» әні еді. Бұл ән 1995 жылы «Таңшолпан» Қызылорда облыстық телебайқауында орындалды.

Сонымен қатар ақынның «Сағыныш сезім» әні облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының мұрындық болуымен шығарылған «Сыр әуендері» атты Сыр бойы ақын-композиторлар жинағында жарық көрді. Жақында баспа беттерінде «Аралым», «Аппақ менің жеңешем», «Сыр өңірі», «Былғары қолғап», «Жан анам», «Тәуелсіз елім Қазақстаным» атты өлеңдері мен әндері жарық көрді. Сазгердің әндері сезім мен тебіреніске толы. Оның жырлары кейінгі ұрпақты адалдық, адамгершілік сияқты сезімдерге жетелеп, адамзатты сүюге бастайтын жол тәрізді.

Ақын Өтемұрат Бекжанұлымен ең алғаш жыл басында Қызылорда облыстық оңалту орталығында таныстық. Сол уақытта ол да аталған орталықта қызмет алған болатын.

Өтемұрат Зияев мүмкіндігі шектеулі болса да, өнерден, шығармашылықтан қол үзген емес. Ол қолына қара домбырасын алып өз әндерін нақышына келтіріп орындайды. Ол ылғи да өз тыңдаушыларын ұйытып әкетіп, көрермендердің көзайымына айналып келеді. Оның шығармалары жүрек қылын шертеді.              

Үнемі орталықтың мерекелік кештерін ұйымдастыру менің жауапкершілігімдегі іс болғандықтан жерлесіміздің шығармашылық кешін ұйымдастыруды, оның туындыларын көпшілікке таныстыруды қолға алдық.

Уақытты көп созбай, орталықтың ұйымдастыруымен ақынның жыр кешін өткіздік. Шығармашылық кешке орталықта қызмет алып жатқан шығармашылыққа жаны құмар жандардың барлығы атсалысты.

Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеште «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Гүлмира Кенжебаева алғы сөз сөйлеп, ақынға «Алғыс хат» табыстады. Орталықтағы Сағатбек Сиюов, Айгүл Қайратқызы, Нұрбала Тұрғанбаева, Нұртуған Нұртазаев, Мөлдір Тұрмаханова сынды белсенді жас қызмет алушылар Өтемұрат Зияевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Бұдан әрі кеште ән-жырдан шашу шашылып, биге ұласты. Сахна төрінде Қымбат Ниятова «Аппағым», Зәуре Байоразова «Гүләйна», Мира Пірназарова пен Гүлзада Қамысбаева «Біз екеуміз», Күлпаш Жалғасқызы пен Қымбат Ниятова «Арыс жағасында» әндерін орындап, халықтың қошеметіне бөленді. Мың бұралған бишілер де өз өнерлерімен көрерменді таңғалдырды.

Кеш барысында сазгер-ақын Өтемұрат Зияев өзінің әр туындысының тарихы туралы сыр шертті.

«Менің өлеңдерімнің әрқайсысының өз тарихы бар. Жалпы патриоттық әндерге жаным жақын. Бала күннен қолыма қалам алып, табығаттың берген сыйын жаныма серік етіп келемін. Менің әндерімнің дені Отанға, туған жерге арналған. Мен жастарды, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеуді көздеп келемін», – дейді Өтемұрат Зияев.

Сазгердің айтуынша, 1995 жылы «Тоғызқұмалақ» әні жарыққа шыққаннан соң, сол уақыттағы жасөспірімдер сол әнді жаттап өсіп, тіпті мектеп оқушылар оны «Тоғызқұмалақ ағай» деп те атаған екен. Бұл ән тоғызқұмалақ ойынына арналған Әбілда Ақшораевтың «60 сағаттық оқулық» атты кітабының алғашқы бетінде жарық көрген. Сол сәттерді сағынышпен еске алған сазгердің әлі де халыққа берері көп.

«Өнерде шекара жоқ» демекші, ақын әңгіме барысында өзінің туындыларын өзбек ағайындар жоғары бағалап жататынын айтып қалды. Ол өзінің шығармалары алдағы уақытта халық арасында өз орнын табатынына сенім білдірді.

Қазіргі таңда сазгердің «Тоғызқұмалақ», «Былғары қолғап» және «Тәуелсіз елім Қазақстан» атты шығармалары еліміздің патриоттық әндер қатарына енген. Қазақ өнеріне тамшыдай болса үлес қосып келетін ақынның өнері әлі де жалғасын таба бермек.

«Сыр өңірі – ғасырлар көшінің көне куәгері, байлықтың кені, өнер ордасы, достықтың мекені». Міне, ақын осы тақырыпты жырлайды. Сөз маржанын терген ақынның өнер туындысына үңілген сайын бойыңды ерекше сезім билейді. Алдағы уақытта да сазгердің әндері мен өлеңдері халық арасында насихатталып, тыңдарманның жүрегін жаулайтын шығармалары үлкен белестерді бағындыра беретініне сеніміміз мол.

Күлпаш КҮНШЫҒАРОВА,

Талсуат ауылы,

І топ мүгедегі

Тағы да оқыңыз: