Kyzylorda-news.kz. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шектеулер енгізілгені бері қала көшелерінде арнайы киімде тұрғын үйлерді, көліктер мен аялдамаларды залалсыздандырып жүрген қызметкерлерді жиі көреміз. Бет-аузы тұмшаланған, арқасында арнайы ерітінді құйылған үлкен «сөмке» арқалаған оларды тани алмағаныңмен, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жүргенін сезесің. Жалпы, олар кімдер? Қай мекеменің қызметкерлері? Залалсыздандырушы болып жұмыс жасау қиын ба? Осы сұрақтардың жауабын іздеп, жолға шыққан болатынбыз…

«Қиналып қалмайсың ба?!»

Қызылорда облысының Жұмылдыру дайындығы басқармасы орналасқан ғимараттың алдында тұрмыз. Бізді қарсы алған Бауыржан Садықов ағамыз облыстағы залалсыздандыру жұмыстары туралы жан-жақты әңгімелеп тұр. Сөзінен әлдебір жиынға асығып тұрғаны аңғарылады.

Жалпы, Бауыржан ағамызды бұрыннан жақсы танимыз. Арыс қаласында жарылыстан бұзылған үйлерді қалпына келтіріп жатқан қызылордалық құрылысшылар туралы арнайы мақала жазуға барғанымызда қол ұшын созып, көп көмектескен. Бүгінде облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасының Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы басшысының орынбасары.

Бауыржан Сұлтанмұратұлының әңгімесінен аңғарғанымыз, аймақтағы залалсыздандыру жұмыстарына облыс әкімдігінен арнайы қаржы бөлініпті. Аталған қаржының мақсатты түрде жұмсалуы мен игерілуі осы облыстық Жұмылдыру дайындығы басқармасына жүктелген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлығына сәйкес, бүгінде осы жиынға Қызылорда қаласынан 40 әскери міндетті шақырылған. Екі күн бұрын қосымша тағы 48 міндетті шақырылды. Оларды тасымалдау мен 3 мезгіл тамағы, арнайы қорғаныш киімдерімен жабдықтау – біздің басқарманың мойнында. Бұдан бөлек, залалсыздандыруға қолданатын арнайы химиялық ертінділермен де қамтамасыз етеміз, – дейді ол.

Бауыржан ағамызға таныстығымызды салып, біз де залалсыздандыру жұмыстарына қатысқымыз келетінін айттық.

– Қиналып қалмайсың ба?! – деген орталық басшысының орынбасары өзімізге сұраулы жүзбен қарады.

Жүдеу түрімізге қарап, қолымыздан келетініне сенбейтін секілді.

Ақыры келіскен ол мені арнаулы жиынға шақырылғандар жұмыс жасап жатқан №99215 әскери бөлімінің командирі, полковник Керімбай Ойықбаевқа жақсылап «тапсырып», өзі әкімдіктегі жиынына бет алды.

«Қорғаныш киімінің ішінде «өртенген» екі сағат»

№99215 әскери бөлімінің басшылығы ұсынған арнайы қорғаныш костюмін киюдің өзі біраз уақыт алады екен. Бұрын киіп көрмеген соң ба, әйтеуір, біраз қолайсыздық тудырды. Осындағы офицерлер көмектеспегенде, өзіміз біраз әуреге түседі екенбіз. Қорғаныш киімі мен қолғапты киіп, көзілдірік тағып, аузымызды тұмшалаған соң, арқамызға залалсыздандыруға арналған арнайы ерітінді құйылған «сөмкені» арқалатты. Өзі ауыр-ақ. Жігіттердің айтуынша, «сөмкедегі» дихлор ерітіндісі – 16 литр. Ол 5 қабатты үйдің 1 подъезін залалсыздандыруға ғана жететін көрінеді.

Қорғаныш киімі сондай ыңғайсыз. Ішіне мүлдем ауа кірмейді. Екі өкпеңді қысып, қара терге түсіреді. Өзіңді қораптың ішіндегі балық секілді сезінесің. Аквариум болса, бір жөн. Мынау ауа өткізбейтін, артық қимыл жасауға келмейтін қорап сияқты.

Ерітінді құйылған арқамыздағы ыдыстан дихлормен қалай залалсыздандыру керектігін көріп алған соң, бекітілген көп қабатты тұрғын үйдің ауласына жол тарттық.

Үзеңгілестерім де осал жігіттер болмай шықты. Біреуі, тіпті, әріптесіміз екен.

– Әскери жиынға шақырылып, жұмыс жасап жатқан 40 сарбаздың арасында бір журналист бар. Сіз екіншісі болдыңыз. Сол журналист пен тағы бір жауынгерді қасыңызға қосып отырмын. Не дегенмен, әріптесіңізбен тіл табысу оңай болады ғой, – деген командир Керімбай Ойықбайұлы әскери бөлімнің ауласынан шығарда.

Апыр-ай, а?

Арнаулы жиынға шақырылған әскери міндеттілердің арасынан әріптесімізді, яғни, журналисті кездестіреміз деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірмепті. Таңғалдық, таңырқадық. Кім екенін білгіміз келіп, тезірек танысуға асықтық.

Жанымызға келген қатардағы екі жауынгердің даусынан аңғардық, жас шамалары бізден кішілеу секілді. Бет-аузына дейін тұмшалаған арнайы киімнен бет-жүзін анық көре алмайсың. Әріптесімізбен жұмыс жасай жүріп танысатын болып шештік те, уақыт оздырмай залалсыздандыруға кіріскенді жөн көрдік.

Бізге тапсырылған аумақ – көп қабатты тұрғын үйдің ауласы мен ондағы ойын алаңдары, кіреберіс подъездер. Қасымдағы үзеңгілестерімнің қимылы маған қарағанда ширақ. Әбден үйреніп, маманы болып алғандары көрініп тұр. Мен болсам, қимылдамақ түгілі, киімнің ішінде «өртеніп» барамын. Оның үстіне, дәл сол уақытта күннің тас төбемізде шақырайып, ауа-райының жылынып шыға келгенін көрмейсіз бе?!

Жұмыс жасамақ түгілі, сөйлеуге шамам келер емес. Бірақ, намыс жібермейді. Қолымнан келгенше жұмысымды адал атқаруға тырысып жатырмын. Арасында қасымдағы жігіттер «Ерітіндіні былай себеді», «Былай шайқап, толтырып алады» деп көрсетіп қояды.

Қимылдаған сайын екі самайыңнан шып-шып тер ағады. «Қасымдағы жігіттерден залалсыздандырып жүріп танысамын» дегенім де бос сөз болып шықты. Оған мұрша жоқ. Тұрғын үй алабының ауласы мен ондағы ойын алаңдарын залалсыздандырып болған соң, үшеуміз 3 жаққа подъезд жағалап кеттік. Әр қабатқа мініп-түсу де қиын жұмыс. Осылай жүріп, арқамызға арқалаған ерітінді де таусылды. Бізге тапсырылған аумақтағы жұмысты да түгел аяқтаған секілдіміз.

Сыртта үшеуміз сәл аяқ суытқаннан кейін, әскери бөлімнің ауласына аяңдадық. Бар ойымыз – демімізді басып, асықпай отырып әңгімелесу.

«Жақындарымыз үшін осындай қадамға бардық»

Арнаулы әскери жиында жүрген әріптесіміздің аты – Бағлан. Ныспысы – Алтынбек. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын тәмамдаған. Әскери борышын анау-мынау емес, Ақтау қаласында №25744 әскери бөлімінде теңіз жаяу әскерінің қатарында 2016 жылы өтеген. Былайша айтқанда, «ала жейдесі» бар «морпех». Елімізде төтенше жағдай жарияланғанша Алматы қаласында жұмыс жасаған көрінеді. Арнаулы әскери жиынға ешкімнің шақыруынсыз, күштеуінсіз, өз еркімен келген.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлығы жарық көргеннен кейін, Қызылорда қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасына хабарластым. Олар тізімге қосқаннан кейін арнайы әскери медициналық тексерістен өттік. Біз осы арнаулы әскери жиынға келген кезде Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияның 50-ге жуық ошағы анықталып үлгерген болатын. Содан осы әскери бөлімге қатардағы жауынгер болып қабылданған соң, бізге қала көшелері мен қоғамдық орындарды залалсыздандыру тапсырылды. Ашығын айтайын, мұнда атақ немесе ақша қуып келгенім жоқ. Халықты, отбасымызды, жақындарымызды осы дерттен қорғау үшін осындай қадамға бардым. Өмір сүріп жатқан қаламызды қауіпті індеттен алдын ала залалсыздандыру үшін. Туған өлкеміз үшін титімдей болса да, үлес қоса алсам – мен үшін бастысы сол, – дейді әріптесіміз ағынан жарылып.

Екінші үзеңгілесіміз өзімізбен аттас болып шықты. Аты-жөні – Нұрсұлтан Жанасыл. Ол да бұл жиынға өз еркімен келген. Ешкім шақырмаған. Отан алдындағы борышын Талдықорған қаласындағы №18404 әскери бөлімінің десанттық шабуылдаушы әскерінің қатарында өтеген көрінеді. Облыста карантиндік шектеулер енгізілгенше, Қызылорда қаласындағы күріш зауытында жұмыс жасаған. Нұрсұлтанның да Бағлан секілді әскери бөлімде қызмет етіп жүргеніне 2 аптаның жүзі болған.

– Біз мұнда қандай жағдайлармен бетпе-бет келетінімізді біліп келдік. Сондықтан, еш өкінген емеспін, – дейді аттасымыз, – Жұмыс уақыты таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 18:00-ге дейін. Өзіңіз көргендей, арнайы киімдермен түгел қамтамасыз етеді. Таңертең үйден арнайы автобуспен алып кетіп, кешке жеткізіп отырады. Үш мезгіл ыстық тамақ уақытылы беріледі. Жұмыстың ешқандай қиындығы жоқ.

Қатардағы жауынгерлердің айтуынша, басында қала тұрғындары бұлардың жұмысын дұрыс түсінбеген. Түсінбегеннен бұрын қабылдай алмаған. Көбісінде үрей, қорқыныш басым болыпты. «Бізді улап жатыр» деп қорыққан көрінеді. Түрлерін көріп, «Не үшін мұндай киім киіп алған?» деп шошыпты. Сонда олар ерінбей, шаршамай бәріне жағдайды түсіндірген. Кейін келе халықтың көздері үйрене бастаған.

– Осы екі аптаның ішінде Қызылорда қаласы аумағының 40-50 пайызына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп болдық. Тасбөгет, Арай, Амангелді, Титов, Гагарин, Шанхай, Сол жағалау секілді мөлтек аудандар мен қаланың ішіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің көбісінде аталған жұмыстарды аяқтадық. Басында тұрғындар арасында көптеген түсініспеушіліктер болды. Қазіргі таңдағы басты түсініспеушілік – арқамыздағы химикат таусылып кетіп бара жатқанда тұрғындар сөйлейді. «Жұмыс жасамай, босқа жүр» деп кінәлайды. Кейбіреулері телефонға түсіріп алады. Ол кісілерге де ештеңе деп айта алмайсың. Арасында ішіп алған адамдар да кездеседі. Олардың аузына келгенін айтқан кездері де болды. Бірақ, барлық халыққа ұнау мүмкін емес. Барлық жігіттер адал жұмыс жасап жатыр. 42500 теңгеден бір тиын артық төленбейді. Әрі ақшаны басты орынға қойған емеспіз, – дейді олар.

Міне, арнаулы әскери жиынға өз еркімен келген осындай жастарға қалайша риза болмайсыз? Қауіпті індеттің алдын алып, тіпті, дерт анықталған ошақты қорықпай залалсыздандырып жүрген оларды мақтан тұтуымыз керек.

«Қызылордалық жастардың патриоттық сезімдері жоғары»

– Қызылордалық жастардың патриоттық сезімдері жоғары, – дейді №99215 әскери бөлімінің командирі, полковник Керімбай Ойықбайұлы бізбен әңгімесінде, – Президенттің №296 Жарлығы жарияланғаннан бастап біздің әскери бөлімге 98 азамат өз еркімен келді. Соның ішінен 40 әскери міндетті жас іріктеліп алынды. Біріншіден, олардың денсаулық жағдайларына мән береміз. Арнайы әскери медициналық тексерістен өткізіледі. Сосын міндетті түрде әскери борышын өтеген болуы тиіс. Екіншіден, отбасылық жағдайларына қараймыз. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың адамдарына басымдық беріледі. Яғни, денсаулығы жарамды болса, жұмыс жасамайтын азаматтарды бірінші кезекте қабылдаймыз.

Полковниктің айтуынша, қазіргі таңда қаладағы 95 көше, 81 азық-түлік дүкені, 15 спорттық алаң, 261 көп қабатты тұрғын үй, 17 әкімшілік-мемлекеттік ғимарат, 5 қоғамдық монша мен 12 медициналық мекемеге залалсыздандыру жұмыстары жасалған. Барлығы 162 мың шаршы метр аумаққа дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Ал, қаладағы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс аумақтардың тізімін күн сайын Қызылорда облыстық Шұғыл әрекет ету штабы береді.

– Бүгінгі таңда арнаулы әскери жиынға шақырылған 40 сарбаздан бөлек, дүйсенбіде қосымша тағы 96 әскери міндетті жастар шақырылды. Оның ішінде, 24 жас – Шиелі, 24 әскери міндетті – Қазалы ауданынан, қалған 48 адам – Қызылорда қаласынан. Айта кетейік, аудандарда шақырылған жастар сол ауданның орталығында болады. Бұл соңғы шақырылған жастар қала және аудандардағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін болады. Олар осы жиындарға шақырылған күннен бастап әскери дәрежеге ие болады. Оған әлеуметтік жиынтық, медициналық көмек және басқа нәрселер кіреді. Ерекше атап өтерлігі – қала секілді, аудандарда да арнаулы жиынға қатысуға өз еркімен келіп жатқан жастардың қарасы қалың. Осыдан-ақ, сырбойылық жастардың өздерінің жерлестерінің тағдырына бей-жай қарамайтындығын көруге болады.

Әскери бөлімнің командирімен әңгіме барысында білгеніміз, залалсыздандыру жұмыстарына бір күнде 4 тоннадан 7 тоннаға дейін ерітінді кетеді екен. Осы залалсыздандыру жұмыстары үшін қолданылатын ерітінді «дихлор» деп аталады. Оны қаладағы №66595 әскери бөлімінде лаборанттар арнайы дайындайды. Сосын күнделікті дайындалған ерітіндінің құрамын облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті сараптамадан өткізеді екен. Аталған департамент рұқсат еткеннен кейін, әрі қарай әскери бөлімге жеткізіледі.

Осылайша, бүкіл әлемді алаңдатқан қауіпті індетпен күрес бір минутке толастамайды.

P.S: Міне, біз күнде көріп жүрген залалсыздандырушы сарбаздардың өмірі осындай. Олар да дәрігерлер секілді күні-түні коронавирустық инфекциямен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Бастысы – Жаратқан дендеріне саулық, күш-қуат берсін деп тілейміз!

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист.

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

ЕСКЕРТУ: Эксклюзивті материалды көшіріп басуға болмайды!

Тағы да оқыңыз: