Kyzylorda-news.kz. Коронавирус пандемиясына байланысты биылғы ҰБТ-да санитарлық шектеу шаралары қолға алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді.

«Тестілеу мерзімі әзірге өзгеріссіз қалып отыр. Оны маусымның 22-сінде бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Егер пандемия салдарынан жағдай өзгерер болса, бұл мерзімді қарастырып, тағы екі аптаға созуымыз мүмкін», – деді ол.

Сонымен бірге, биылғы тестілеуде түлектердің дене қызуын өлшеу, аудиториядағы адам санын азайту сынды қауіпсіздік шаралары қарастырылады.

«Тестілеуде әдетте бір аудиторияда 100-150 адам отыратын. Қазір 50 адамнан отырғызуды ұйғардық. Эпидемиологиялық жағдай қиындаса, 30 адамнан, тіпті 25 адамнан қалдырамыз. Әр түлектің айналасында 2-2,5 метр қашықтық сақталуы керек. Ол үшін аудандарда ғимарат жеткілікті, барлығын есептеп шықтық. Еш қиындық болмайды», – деді Д. Смағұлов.

Бұған дейін Дидар Смағұлов ҰБТ-ға 11-сыныптың төртінші тоқсанынан жаңа сұрақтар болмайтынын түсіндірген еді.

Тағы да оқыңыз: