Kyzylorda-news.kz. Бүкіл әлемді құрсауында қысқан дерт – коронавирустық инфекцияның біздің өңірді де айналып өтпегені белгілі. Осыған орай, аймақта бірқатар шаралар қабылданып, карантин режимі жарияланғанынан жұрт хабардар. Облыста енгізілген карантиндік шектеулердің бір парасы бойынша кешкі сағат 21:00-ден кейін автокөліктердің және тұрғындардың қозғалысына қатаң тыйым салынған. Бұл шектеу облыс орталығы – Қызылорда қаласында қалай орындалып жатыр? Осыны өз көзімізбен көру үшін полиция қызметкерлерімен бірге түнгі сапарға шыққан болатынбыз…

«Карантин талабын сақтамағандар 10 тәулікке дейін қамауға алынады»

Кешкі сағат 20:15. Біз – қаладағы Жергілікті полиция қызметінің ғимаратындағы алаңда тұрмыз. Бұл алаңда 200-ге жуық тәртіп сақшылары сап түзеген. Олар осында өздеріне тиісті тапсырмаларын, бағыттама және тағы да басқа қажетті мәліметтерін алып, бекітілген мекен-жайлар бойынша таңға дейінгі кезекшілікке түседі.

Облысымызда жарияланған карантин режиміне байланысты полиция қызметкерлерінің мойнына күндегіден екі есе жауапкершілік жүктеліп отырғаны айтпаса да түсінікті. Босаңсуға болмайтыны тағы белгілі.

Карантин талаптары мен тәртібін бұзғандармен күресті бір сәтке тоқтатуға болмайтынын өздері де жақсы біледі.

Сап түзеген сарбаздар түнгі қызметтеріне кірісуге аттанып жатқанда бізді қарсы алған қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы, полиция майоры Ермекбай Құдайбергенов карантиндік шектеулер туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияға шалдыққан науқастардың көбеюіне байланысты қалада және бірқатар аудандарда облыс әкімінің және Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен 7-21 сәуір аралығында карантин режимі жарияланғаны белгілі. Біз, негізінен, ағымдағы жылдың 30-шы наурызынан бастап қаладағы автокөліктердің қозғалысының шектелуі және тұрғындардың көшеде бей-берекет жүріп-тұрмауы үшін күн сайын ескерту жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз. Күні кеше қаладағы 4 блок-пост және 11 патрульдік бекетте түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бүгіннен бастап қаладағы барлық көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Қала әкімдігіндегі штабқа Call-орталық пен «Сергек патрулінің» базасын орнатқанбыз. Осы базада қалаға жүріп-тұруға рұқсат берілген көліктердің барлық мәліметі енгізілді. Сондықтан, полиция қызметкерлерінің қолындағы планшеттен іздеу барысында табылмаған автокөліктердің барлығына әкімшілік хаттама толтырылады. Ал, қаулыға сәйкес, кешкі сағат 21:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін барлық азаматтардың жүруіне, көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Яғни, бей-берекет жүріске, бейбастыққа жол берілмеуі қажет. Тек қана өмірге шұғыл қажетті жағдайда ғана рұқсат етілуі мүмкін. Кеше күндіз және түнде барлығына соңғы ескерту жасалды. Бірақ, ескертуге құлақ асып жатқан тұрғындар жоқ. Сол себепті бүгіннен бастап барлығына әкімшілік хаттама толтырылып жатыр. Әкімшілік хаттама толтырылғаннан кейін іс сотқа жолданады. Соттың шешімімен құқық бұзушыға айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады, – деп түсіндірді Ермекбай Қасқырбайұлы.

қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы, полиция майоры Ермекбай Құдайбергенов

Сағат тілі 21:00-ден жылжығанда біз де түнгі қаланы аралауға жылжыдық. Жолбасышымыз – Жергілікті полиция қызметінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Әскер Жаңабергенов.

Жергілікті полиция қызметінің басшылары: «Полиция аға лейтенанты Әскер – сізбен шамалас жігіт. Құрдасың болып келеді. Сондықтан, сіздің барлық сұрақтарыңыз шешімін табуы тиіс», деген әзіл-шыны аралас.

Осылайша, Әскер құрдасымыз Жергілікті полиция ғимаратынан бізді қала көшелеріне жол бастады.

Жергілікті полиция қызметінің қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Әскер Жаңабергенов

«Менің көлігім, сондықтан, не істесем де өзім білемін»

… Ә дегеннен-ақ, сағат тілі 21:00-ді еңсергеніне қарамастан қаланың орталық көшелерінде жүйткіген көліктердің қарасын аңғару қиын болмады. Бірақ, жол полициясының көлігін көрген соң барлығы дерлік оң және сол жақтағы қараңғы көшелерге бұрылып, көзден таса болғысы келеді.

Араларында сондай көшелердің біріне бұрыла салып, көлігінің жарығын бірден сөндіре қоятын «ақылдылары» да бар.

Дегенмен, олар түнгі ауысымдағы кезекшілікке түскен тәртіп сақшыларының құрығынан құтыла қойып жатқан жоқ.

Полиция аға лейтенанты Әскер Жаңабергенов Қорқыт ата даңғылындағы жылдамдықты асырып, музыка дауысын қатты шығарып, өзін «түнгі клубтың диджейі» сезініп келе жатқан қымбат көлікке тоқтауға нұсқау берді.

Көлік тізгініндегі – әйел кісі. Медициналық бетперде тақпаған. Жолбасшымыз Әскер жүргізушіге алдымен өзін таныстырып, сосын карантин режимі туралы түсіндірді. Музыка дауысын қатты шығаруға болмайтынын, ол қоғамдық тыныштықты бұзатынын жеткізді. Медициналық бетперде неге тақпағанын сұрады.

– Менің көлігім, сондықтан, не істесем де өзім білемін, – деп орыс тілінде жауап қатқан азаматша қолына дереу «табақтай» телефонын алып түсіре жөнелді.

– Маска тағамын ба, жоқ па, өзім білемін. «Жеке көлігіңнің ішінде тағу керек» деген заң жоқ, – деп қосты тағы ол.

Полиция аға лейтенанты Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексі және Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен жақсылап таныстырды. Қымбат көліктегі «мадам» осыдан кейін ғана барып сабасына түсе бастады.

– Мен жұмыстан қайтып келе жатыр едім, – деді бар болғаны.

Түнгі сағат 22:00-ге дейін созылатын қандай маңызды жұмыс екенін түсіндіруден бас тартып, біздің сауалымызды жауапсыз қалдырды.

Бірақ, тиісті жазадан құтыла алған жоқ…

**«13 жүргізушінің сылтауы бір: **«Дәріхана іздеп жүрміз»

Түнгі қалада жүйткіген көліктердің қарасы сәт сайын көбеймесе, азайған жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тоқтатқанда айтатын жаттанды жауаптары да дайын тұрады. Бәрінікі – бір жауап:

– Дәріхана іздеп жүрмін.

– Шұғыл дәріханаға баруым керек. Балам ауырып жатыр…

– Дәріханаға бармасам болмайды. Карантин кезінде дәріханаға баруға шектеу жоқ қой…

Осындай сылтау айтатындардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Көлік тізгінінде осындай сылтау айтқан ер адамдар да, әйелдер де кездеседі.

Сылтаулары адамына қарай өзгере береді. Біреуінде – баласы, екіншісінде – әйелі… атасы, қарындасы, тіпті, енесіне де дәрі іздеп жүргендерді кездестірдік.

Осындай сылтау айтқан жүргізушілерді ерінбей санап шықтым. Бір сағатқа жетер-жетпес уақыттың ішінде осындай сылтау айтқан бақандай 13 жүргізуші кездесті!

– Арасында шын айтып отырғандары да бар, әрине. Бірақ, көбісі сенімсіз айтады. «Карантин кезінде дәріханаға баруға болады екен» дегенді естіп алып, соны сылтау ететіндері де баршылық. «Дәріханаға барамын» деген көліктердің соңынан еріп, дәріханадан қандай дәрі алады екен деп бірге кірсеңіз, олардыкі қаншалықты шындық екендігіне көзіңіз жетеді, – дейді полиция аға лейтенанты Әскер Жаңабергенов.

Алла ешкімді ауыртпасын, әрине. Бірақ, баласы, анасы, әйелі секілді ет жақындарын өтірік ауру қылып ұзаққа бара алмайтындарын көбісінің түсінгісі келмейтініне таңғаласың…

«Кез келген журналистің бастығын танимын»

Тәртіп сақшыларының кезекшіліктегі түнгі ауысымында да олардың жұмысына түрлі кедергілер көп. Заңға бағынғысы келмейтіндерімен қоса, балағаттауға дайын тұрады. Арасында «көкелерінің» атымен қорқытып қоятындары бар. «Менің кім екенімді, кімнің туысы екенімді білесің бе?» деп шыға келеді. Осылайша, олар тәртіп сақшыларына қысым көрсеткісі келеді.

Полиция аға лейтенанты Әскер Жаңабергенов тоқтатқан тағы бір қымбат көліктің иесі камерадан «қаша» жөнелді. Медициналық бетпердесі жоқ. Кейін білдік, құжаттары да күмәнді көрінеді. Тіпті, полиция қызметкеріне «Камерасыз ғана жауап беремін» деп талап та қойды. Оған қарап жатқан телеарнадағы әріптестеріміз жоқ: камерасын да сөндірмеді, тұрған орындарынан артқа да жылжымады.

Камерадан қорқып сасқалақтаған күйі қайда бет алғанын, неге карантин талаптарын бұзғанын да оңды айта алмады. Болмаған соң, журналистерге қоқан-лоққы жасауға көшті.

– Мен кез келген журналистің бастығын танимын. Ертең өздеріңе қиын болмасын, – деп бізге «үлкен» ескерту жасады.

Әріптестерімізбен бір-бірімізге қарап жылы жымидық та қойдық…

«Брат, «по-свойски» келісе салайықшы…»

– Брат, «по-свойски» келісе салайықшы, – деді көлігі тоқтар-тоқтамастан ішінен атып шыққан жігіт.

Артынша фотоаппаратты көрді де, теріс бұрылды.

Көлігіне қайта жайғасқан ол полиция қызметкері сұраған құжаттарын бермей, біраз қиғылыққа салды. Тыйым салынған уақытта қала көшелерінде неге емін-еркін жүргенін сұрағанымызда, жауап таппай біраз қиналды.

– Досым өтініш айтып еді,– деді ақыры болмаған соң, – Шұғыл бір жерге апарып келуімді сұраған еді.

Бірақ, қайда және не үшін апарып келе жатқан себебін нақты түсіндіре алмады.

Ақыры, өзі айтқандай «по-свойски» келісе алмай, оған әкімшілік хаттама толтырылды.

«Жаяу жасақ қызметі – өте маңызды»

Түнгі тәртіпті қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларының енді бір тобы – жаяу жасақ. Яғни, полиция қызметкерлері қала көшелерін жаяу аралап жүріп, қоғам тыныштығын қамтамасыз етеді. Жаяу жасақ 3 полиция қызметкерінен тұрады. Оның біріншісі, яғни, жауаптысы – офицер, екеуі – кіші құрам қызметкерлері.

Жаяу жасақ қызметінің маңыздылығы сонда – қала көшелерінің түрлі қуыс-қуыстары мен түкпір-түкпірлерін аралап, көзге көріне бермейтін жерлерге дейін сүзіп шығады. Осылайша, көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Патрульдік полиция қызметкері, полиция аға лейтенанты Әскер Жаңабергеновпен қоштасып, біз әрі қарай жаяу жасақ тобымен бірге қала көшелерін жаяу аралауға көштік.

Түнгі уақытта қала көшелерінде жүрген жаяу жүргіншілердің де қарасы қалың. Бір-екі 40-50-ге жақындаған кісіден басқасы – жастар. Яғни, басым көпшілігін – жастар құрайды. Әрі біразының бетпердесі жоқ. Беймезгіл уақытта карантиндік шектеулерді бұзып не істеп жүргендерін өздері де түсіндіре алмайды. Тек бес-алтауы сол баяғы «дәріхана іздеп жүргендерін» алға тартады.

– Бірақ, бәріне қойылатын талап бір. Ал, карантиндік талапты бұзсаңыз, не айыппұл арқалайсыз, болмаса 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамауға алынасыз. Басқа жол жоқ. Себебі, карантин талаптарын сақтағанда ғана қауіпті індеттің беті қайтады, – дейді полиция майоры Ермекбай Қасқырбайұлы.

P.S: Ертеңіне облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен білгеніміз, біз өз көзімізбен көрген соңғы тәулік ішіндегі рейд кезінде облыс бойынша 51 құқық бұзушылық анықталыпты. Оның 38 – Қызылорда қаласына тиесілі екен. Одан кейінгі орында – 10 дерекпен Қармақшы ауданы көш бастап тұр. Ал, осы тәулікте Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотымен 177 әкімшілік іс қаралып, 77 тұлғаға айыппұл салынған, ал, 99 – әкімшілік қамауға алынған. Бұдан бөлек, өңірде 100 автокөлік иесі және бетпердесіз жүрген 25 адам жауапқа тартылған. Бұл – бір тәулік үшін аз көрсеткіш емес.

Осындайда «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың сөзі еріксіз еске түседі…

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист,

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

Тағы да оқыңыз: