Төтенше жағдай: Коллекторға кеткен кредиттер үш айға шегеріле ме? – Kyzylorda News
Басты бет

Төтенше жағдай: Коллекторға кеткен кредиттер үш айға шегеріле ме?

02.04.2020, 18:20

682 2

Kyzylorda-news.kz. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлық компанияларға кеткен кредиттер мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Агенттіктің басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, коллекторлық компанияларға берілген кредиттер де кейінге шегеріледі.  

«Иә, бүгінгі заңнама бойынша коллектор банктің заемдары мен микроқаржыландыру ұйымдарының кредиттерін өндіріп алуға құқылы. Ондайда қарыздың келісімшарты коллекторлық компанияларға беріледі. Алайда ондай кредиттер мерзімін тоқтату және шегеру бұйрығына кіреді. Сондықтан коллекторлар осыны ескеріп, тиісті талаптарды сақтауы қажет», – деді Әбдірахманов бүгінгі онлайн брифингте.

Оның айтуынша, кредит төлемін кейінге шегеру шарты барлық заемға қатысты. Соның ішіде тұтынушылық, ипотекалық, кепілмен, кепілсіз және тағы басқа кредиттер бар. Ал үш айдан кейін қарыз алған адамдар артық ақша төлемеуі тиіс.

«Қазіргі кезде қаржы ұйымдарымен, ең алдымен, банктермен нақты механизмді пысықтап жатырмыз. Негізгі мақсат, біріншіден, тоқтатылған төлемдер артынан келісімшартта көрсетілген төлемдерден аспауы қажет. Сонда адамдар артық ақша төлемейді. Қазір осыны талқылап жатырмыз. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз», – деп атап көрсетті Әбдірахманов.