Kyzylorda-news.kz.  Қызылорда облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен тіл жанашырлары қаладағы «Small», «Aray city mall», «Қызылорда» ірі сауда объектілеріне барып, басшыларымен кездесіп, оларға «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң нормаларын түсіндірді.

Олардың құрамында «Халықаралық «Қазақ  тілі» қоғамы ҚБ облыстық филиалының төрағасы, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері С. Аңсат, Қазақстан халқы облыстық ассамблесының мүшесі, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Е. Рыбина, Қорқыт  ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к., «Тіл жанашыры белгісінің иегері А. Абасилов бар.

Жұмыс барысында халыққа қызмет көрсету саласы объектілерінің басшыларына ғимараттың ішкі және сыртқы көрнекі ақпараттарында, қызмет көрсету барысында  міндетті түрде мемлекеттік тілді пайдалану және қолдану жөніндегі заңнама талаптары түсіндірілді.

Сондай-ақ қажеттілігіне қарай, сауда ұйымдарының қызметкерлеріне тегін қысқа мерзімді оқыту курстары,  семинар-тренингтер ұйымдастырылатындығы  және мәтіндерді аударуға әдістемелік көмектер көрсетілетіндігі айтылды.

«Ғимарат ішінен сауда орнын жалға алып отырған жеке кәсіпкерлердің де тіл туралы заңнама талаптарын сақтауын талап ету, тұрақты назарда ұстау қажеттігі жөнінен бірқатар ұсыныстар айтылды. Түсіндіру барысында кәсіпкерлік нысан иелеріне Заңнан үзінділер, көрнекі ақпарат мәтіндерін жазудың және орналастырудың схема-үлгілері, анықтама алу және сұрақтар бойынша байланыс телефондары мен әдістемелік көмектер көрсету үшін электронды пошта жазылған таратпа материалдар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар басқа да кәсіпкерлік нысандарға жүргізілетін болады», – дейді «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Е. Рыбина.

Тағы да оқыңыз: