Kyzylorda-news.kz. Бүгінде Тик-Ток қосымшасын білмейтін жан жоқ шығар. Әсіресе, балалар осы қосымшаны көп пайдаланып жүр. Бірі бар ынтасымен видео түсірсе, бірі жақтырмайтыны белгілі. Қазіргі күннің трендіне айналған бұл қосымшаны қолдану харам ба? Бұл сұраққа ҚМДБ өкілі жауап берді.

Біздің елде де бұл қосымшаны қолданушылар саны күн сайын артып келеді. Тик-Ток желісінде қолданушы дайын аудиоларды пайдаланып, қысқа видеолар түсіреді. Оны көңіл көтеру мақсатында көбіне жастар қолданады.

Тик-Токта көбінесе ашық киінген қыздар камера алдында билеп, жігіттер ерсі қылықтарымен елдің есін шығаратыны ақиқат. Жай ғана мазақ қылу, жерге таптау басым. Жастар мұны әзіл ретінде қабылдап отыр. Құранды, атақты адамдарды келеке еткен жағдай да болды. Ненің ақ, ненің қара екенін білмейтін жеткіншектер ішінде олардың әрекетін қайталап, жаман әдетке еліктейтіндері де табылады. Олардың арасында маңызды тақырыпта видео түсіретіндері де жоқ емес.  

Ислам діні заманауи технологияны, өмірге енген жаңалықтарды, соның ішінде интернетті қолдануға рұқсат береді. Бірақ оның шариғат шеңберінде болуын талап етеді. Сондықтан интернет желісі арқылы өзгелермен байланыс жасағанда, мұсылман адам шариғатта рұқсат етілген істерді орындап, тыйым салынған істерден сақтану керектігін ескеруі қажет.

Интернетте отырған адамның ең алдымен ниеті түзу болу керек. Тақуа, жақсылық істеуші және көркем мінезді болуы шарт. Пайдасы жоқ, мәнсіз нәрселерден аулақ болу қажет. Уақытын зая кетірмей, Құдайдың берген өмірін қадірлеуі тиіс, оны барынша дұрыс пайдалану керектігін, оның әрбір сәті үшін ақыретте жауап беретінін ұмытпау керек. Сондай-ақ мұсылманның уақыты, күші, ақылы және зейіні пайдалы нәрселерге ғана жұмсалуы тиіс.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Өзіңе пайдасы тиетін нәрсеге құштар бол және Алладан жәрдем сұра!” – деген (Мүслім).

Сонымен қатар интернет арқылы жалған хабарлар, суреттер және бейнежазбалар таратпау, алдамау талап етіледі. Біреуді кемсітуге, мазақтауға тыйым салынады. Көпшілікті күлдіруге әрекет ету дінімізде құпталмайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): “Күлкі үшін мүлде болмаған оқиғаларды ойдан шығарып айтатындар неткен бақытсыз, неткен бақытсыз, неткен бақытсыз!” – деп ескерткен (Әбу Дәуіт).

Ар-ұят, намыс мәселесіне аса мән беру қажет. Өйткені оған немқұрайлы қараумен қоғамда түрлі проблемалардың басы ашылатыны анық. Ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайлар, ажырасулар, арсыздық пен арандатушылық әрекеттері соған мысал.

Құран Кәрімде: “Иман еткендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл жалғанда да, ақыретте де жантөзгісіз ауыр азап бар”, – делінген (“Нұр” сүресі, 19-аят).

Сондықтан Тик-Ток желісіне мәнсіз, әдепсіз, ұятсыз бейнероликтерді салу және сол роликтерді тамашалау, сондай-ақ желіде отырып, уақытын зая кетіру – харам. Мұсылман адам ондай іс-әрекеттерден барынша тыйылғаны дұрыс.

Тағы да оқыңыз: