Тез әзірленетін тағамның зиян екенін көпшілік неге біле бермейді? – Kyzylorda News
Басты бет

Тез әзірленетін тағамның зиян екенін көпшілік неге біле бермейді?

04.01.2020, 12:00

501 0

Kyzylorda-news.kz. Шымкентте қала әкімінің жанындағы халық денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиынға кеңес мүшелері мен қаладағы барлық медициналық ұйымдардың басшылары қатысып, туберкулез ауруының қазіргі жағдайы мен алдын алу іс-шараларын талқылады.

Кеңесте қала бойынша туберкулез аурушаңдығын төмендетуде атқарылған жұмыстар барысы баяндалып, бүгінгі күні шешімін таппай отырған өзекті мәселелер сөз болды.

Сала мамандары жергілікті атқарушы органдар міндетті түрде бациллярлы туберкулез түрімен ауыратын науқастарға әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігін, олармен қарым-қатынаста болған және ауру жұқтырған мектеп жасындағы балаларды химиялық профилактика ем-домын қабылдау кезінде ыстық тамақпен қамтамасыз ету мәселесін айтып өтті. Сонымен қатар дұрыс тамақтану индустриясын дамытудағы өзекті проблемалар талқыланды. Мамандардың айтуынша, соңғы кезде жастар тез дайындалатын тағамдардың жиі тұтынады. Алайда олардың зиянын білмей, көп қолданып жатады.

Мұндай тағамдардың қатарында фастфуд, дөнер, әр түрлі гамбургер, шаурма, лаваш, пицца, қуырылған қытырлақ картоп, және т.б. бар. Сонымен қатар, осындай тағамдарды дайындайтын орындар саны да жыл сайын өсіп келеді. Көбіне қоғамдық тамақтану орындарында майлы, калориясы, тұзы көп тағамдар дайындалады. Бұл халық арасында созылмалы инфекциялық емес аурулардың (қан айналымы аурулары, қант диабеті, семіздік, т.б.) өсуінің бірден-бір себепшісі болып отыр.

Осыған байланысты мемлекеттік-жекешелік серіктестікті қолданып тез дайындалатын тағамдар орнына салауатты тамақтану индустриясын дамыту қажеттігі туып тұр. Сол арқылы отбасыға арналған мейрамхана, диеталық асхана қажеттілігі, байытылған ұнды кең қолдану мәселесі айтылды. Оны халық арасында түсіндіру жұмыстарын кең көлемде, бұқаралық ақпарат құралы көмегін қолдана отырып жүргізу ұсынылды.

Басқосуда сондай-ақ, халықты спортпен айналысуға тарту мен мектеп оқушысының дене белсенділігін арттыру жайы қамтылды. Отырыс қорытындысында үйлестіру кеңесінің төрағасы және қатысушылар ұсыныстарын беріп, тиісті шешімдер шығарылды. Жауапты сала басшыларына тапсырмалар берілді.

0

Пікір қалдыру