Kyzylorda-news.kz. Темірбек Жүргенов ауылы – ауданымыздағы ауыл шаруашылығы дамыған елді мекендердің бірі. Халқының саны жағынан да көп ауылдардың алдында тұр: 1 700 тұрғын бар. Ауылда мектеп, емхана, клуб үйі қызмет көрсетеді. Кеңес кезеңінен бері іргесі сөгілмей, жеке тұлғаларға сатылып кетпей, бүлдіршіндерге тәрбие беріп келе жатқан екі қабатты балабақша да бар. 

Білім болашаққа салынған инвестиция екені мәлім. Тарихы терең білім ошағы саналатын Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектеп – ауыл балаларына заман талабына сай оқу процесін жүргізіп, шәкірттерін білімнің қайнар бұлағымен сусындатып отырған қара шаңырақтың бірі. Мұнда білікті де білімді ұстаздар қауымы талай жарыстан жүлделі орындармен оралып, ел мақтанышы болған шәкірттер тәрбиелеп отыр. Бүгінде мектептің келбеті алыстан көз тартып, менмұндалап тұр. Себебі осыдан 2 дыл бұрын мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Осылайша, балалардың сапалы да сәнді, жарық та зәулім ғимаратта заманауи технологиямен білім алуына жағдай жасалды.

Су – тіршілік нәрі. Ауыз су сапалы болса, ауыл халқы дән риза. Т.Жүргенов ауылының халқына өткен жылдары жобалық құны 488,769 млн теңге тұратын, ұзындығы 21 991 метрді құрайтын су тарту жүйесі орнатылып, бүгінде жергілікті тұрғындар сапалы суға қол жеткізіп отыр.

Ауылда қазірде ірілі-ұсақты 12 шаруашылық заңды тіркелген. Оның 3-уі мал шаруашылығын өркендетуді қолға алған. Бірақ, барлығы да жұмыстарын жүйелі жүргізіп отыр. Соның ішінде «Ер-Әлі», «Құрманбай ата» шаруашылықтары іріленген. Аяқ су тапшылығын алдын алу мақсатында ең алғаш егісті әртараптандыру жүйесіне көшкен де осы ауылдағы «Ер-Әлі» шаруашылығы. 

Алайда, басқа ауылдардағыдай аяқ су мәселесі бұл ауылды да айналып өтпейді. Егін, мал шаруашылығының барлығы аяқсуға тәуелді. Су болмаса егістікте өнім жоқ, шабындықта, жайлымдық жерлерде шөп жоқ. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, ауылдағы шаруашылықтар бұл қиындықтарды да ақырындап еңсеріп келе жатыр деуге болады. Мәселен, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов жыл сайын суды көп қажет ететін күріш алқабының көлемін қысқартып, оның орнына тамшылатып суғару әдісімен өсірілетін кортоп, қызылша және басқа да бақша дақылдарын қолға ала бастады. Нәтижесіз емес, ойдағыдай өнім алып отыр. 

Өткен аптада аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауылдарды аралап, тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, елді мекен халқымен бетпе-бет мәселелерін тыңдаған болатын. Осы орайда Темірбек Жүргенов ауылының тұрғындары атынан аудандық мәслихаттың депутаты Әліби Бекжанов аудан басшысына осы аяқсуға байланысты түйінді қозғады. Атап айтсақ, егістікке тікелей су әкелетін Мырзабай шлюзіндегі трубаларды кеңейтіп, судың еркін өтуіне мүмкіндік жасалса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан ауылдағы электр желілерінің ескіруі салдарынан жарықтың жиі сөнетіні айтылды. 

Аудан басшысы Асқарбек Есжанов көтерілген мәселелердің барлығы қаперге алынатынын және өз кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлының дүниеге келіп, өсіп-өнген ауылындағы 8 көшені күрделі жөндеуден өткізудің жоба-сметалық құжатына тиісті қаржы бөлінгені, сонымен бірге Темірбек Жүргенов атындағы саябақ құрлысына 67 млн теңге қаржы қаралып отырғаны ауыл халқын қуантты. ТҮРКСОЙ ұйымы келер жылды – түркі әлемінде «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялады. Ендеше, қазаққа ғана емес, Орта Азияға ортақ  тұлғаға өз туған топырағы осындай құрмет көрсетіп, перзентін ұлықтауы көрегендік.

Жалпы, бірлігі бекем, тірлігі тиянақты Темірбек Жүргенов ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуында қарқын бар. «Ауыл – ел бесігі» дейтін болсақ, ауыл халқы әлеуетінің артқаны заңдылық деп білеміз. 
 

1640861675_98946464.jpg

1640861761__dsc0063.jpg

281849927_1356370578200096_3121083522805267683_n.jpg

Тағы да оқыңыз: