Kyzylorda-news.kz. Бала кезімізде әжеміз «нанның ұсағын сыпырып-сиырып жеп қойсаң, бай боласың» деуші еді. Соған кәдімгідей сеніп, нан турап болған соң, үгітілген нанның ұсағын жинап, жеп алатынбыз. Кейін аңғарсақ, ашаршылықты көрген үлкендер нанның қадірін бір кісідей-ақ біледі екен ғой. Осы бірауыз сөздің түп-тамырына үңілсеңіз, үлкен тәрбие жатыр. «Ас  атасы – нанға» деген құрмет бар. «Ысырап пен обал болады» деген қағида ­жатыр. Мұны неге айтып отырмыз?

Біз қазір үнем жасауды, көрпеге қарай көсілуді ұмыттық. Азық-түліктің бағасы қымбаттаған кезде, үнемді үйренуіміз керек. Жағдай оңай емес. Азық-түлікті, дәрі-дәрмекті қарызға алатын, тіпті тамақты қарызға ішетін күйге түстік. Бұған бағасы қолжетімді саналатын «Қағанат» асханалар желісі мен «Магнум» дүкеніне кіргенде көз жеткізесіз. Екінің бірі Kaspi Red қосымшасын пайдаланады. Бірақ дұрыс қолдана білсеңіз, ол қосымшаның пайдалы тұсы да бар. Дегенмен кез келген банктің мақсаты – сіз арқылы ақша табу екенін үнемі есте ұстаған дұрыс. Ал Kaspi Red арқылы тамақ ішу күнкөрістің қиындағанының бір белгісі.

Жақында белгілі журналист Гүлмира Әбіқай фейсбук парақшасына көрерменінен келген хатты жариялады.

 «Бала-шағама тамақ әперемін» деп Kaspi Red ала бергем, сол 100 мың теңге болды, оны төлеу үшін займнан ақша алдым, оны төлеу үшін 2-займн алдым. Сөйтіп, 600 мың теңге болып кетті. Қарыздан құтыла алмадым. Каспиде 500 мың – 4 жылға, оның 1,5 жылын төледім, айына 20 мың теңге қызымның ­пособиясы кетіп жатыр…. «Сізден сұрайыншы» деп едім, бүйрегімді сатсам, қайда барсам болады? Сөйтіп, қарыз дегеннен құтылсам, басқа амалым жоқ… Қатты қина­лып кеттім, мына займ кредит 1 мил­лион болды. Төлей алмаймын, не істеймін», – деп жазыпты үйде баламен отырған ана.

Хатты аяғына дейін оқып болғанша, көмейіңе жас тығылады. Қыстығасың. Тамағыңдағы өксікті ішке жұтып, ауыр күрсінесің. Әйелдің, ананың, жалпы қоғамның осындай күйге түсуінің себебін іздейсің. Ашығын айтқанда, осының бәрі өзімізден. «Қарыздың күліп келіп, жылап кететінін» ұмыттық. Алмақтың да салмағы бар. Бүгін алдың, ертең ол қарызды еселеп қайтарасың. Күйзеліске түсесің. Жүйкеңді тоздырасың. Мұның бәрі санаға салмақ салады. Осыдан барып, отбасылық кикілжің, ұрыс-керіс, түсініспеушілік басталады.

Мен үйдің жанындағы «Магнум» дүкеніне жиі бас сұғамын. Күнде өскен баға. Бүгін көрген бағаңыз, ертең өзгеріп сала береді. Мәселен, «шедевр» сұйық майының бір литрі – 825, бес литрі – 4120 теңге. Қызанақтың бір келісі – 1799, жылыжайда өскен қызанақтың келісі – 1022, қиярдың келісі – 638 теңге деп тұр. Араға екі-үш күн салып барсаңыз, бұл баға тағы өзгереді.

 Қазақстандағы инфляция деңгейін көз жүгіртсек, 2010 жылы – 7,8, 2015 жылы – 13,6, 2020 жылы – 7,4 болған екен. «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» деген осындайда айтылса керек. Әлемді жайлаған індет те экономикамызға өз салдарын тигізді. Ұлттық қорымыз ортайды. Бір қызығы, әлемдегі пандемия Қытай мен Өзбекстан елінің экономикасына кері әсерін тигізбеген, яғни аталған екі ел экономикасы зардап шекпеген. Бұл жөнінде белгілі экономист Мақсат Халық «COVID-19: Қазақстан экономикасына әсері» атты семинарда тілге тиек етті. Мұны естігенде іштей қызығып әрі қызғанып қалдық. Әрине, адамдық капиталы мықты елдің экономикасы жақсы дамитыны белгілі. Ал бізге не істемек керек? Қайтсек жағдайымызды жақсартамыз? Қайтсек еңсемізді түсірмей жүреміз? Жан-жағымызға бажайлап қарап, себебіне, салдарына тереңірек үңіліп, қол қусырып отырмай, тығырықтан шығар жолды бәріміз бірігіп іздестіруіміз керек.

Елімізде әр жылға арналған республи­калық бюджет құрылады. Облыстың, ауданның, ауылдың бюджеті де алдын ала жасалып, тиісті шешім шығарылатынын білеміз. Демек, бізге дәл сол сияқты отбасының бюджетін де жоспарлау қажет.Қолымызға түскен қаражаттың кіріс-шығысын есептеп, бәрін орын-орнымен жұмсауға дағдыланған дұрыс. Бұл отбасылық бюджетті үнемдеудің ең тиімді тұсы. Бір сөзбен айтқанда, қаржыны сауатты жұмсаудың көрінісі. Біз осы қаржылық сауатымыздың аздығынан өмірде көп опық жейміз. Ақша табуын табамыз-ау, оны қалай болса солай, есепсіз жұмсаймыз. Мәселен, дүкенге бардық делік. Көзге көрінген ұсақ-түйекті артық болмас деп шетінен ала береміз. Ақша төлеуге келгенде әлгі ұсақ-түйегің едәуір қаражат құрайды. Үйге келгенде «осыны алмай-ақ қойсам да болатын еді» дейсің. Меніңше, бұл көбінесе әйелге тән мінез. Сондай-ақ «аш кезіңде дүкенге барма» деген қарапайым тіркес бар. Бұл да жүз пайыз дұрыс айтылғанына соңғы кезде көз жетіп жүр. Сондықтан дүкенге барарда не қажет екенін нақтылап, тізім жасап алған дұрыс. Тізімдегі керек-жарағыңды алып, уақытыңды да, қаражатыңды да үнемдейсің!

Тағы бір айта кетерлігі, дамыған елдерде сақтандыру жүйесі жақсы жолға қойылған. Кәсібіңді, үйіңді, көлігіңді былай қойғанда, өз өміріңді сақтандыру да аса маңызды. Пандемиядан кейін біздің елде де өз өмірін сақтандыру көрсеткіші өскен екен. Бұл, әрине, жағымды жаңалық. Демек, бұл «өз өміріңе өзің жауапкершілік артты» дегенді білдірсе керек.

Қорыта айтқанда, несиеден алыс, қарызсыз, бай-бақуатты өмір сүргіміз келсе, қаржылық сауатымызды арттыруымыз керек. Ол үшін, әрине, адам баласы үзбей өзін-өзі дамытып, денсаулығына мән беріп, салауатты өмір салтын ұстанғаны абзал. Атам қазақ «Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген сөзді бекер айтпаған. «Ақша – қолдың кірі» демей, «теңге – тиыннан, тұлпар – құлыннан» қағидасын ұстанайық.

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА «Ana tili»

Тағы да оқыңыз: