Kyzylorda-news.kz. Биыл 188,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Күрiштің көлемі 83,6 мың гектарды құрап отыр.

Сондай-ақ су тапшылығына байланысты, сыр маржанының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,9 мың гектарға дейін азайтылып, орнына суды аз қажет ететін картоп, көкөніс, бақша дақылдары егіліпді. Олардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,8 мың гектарға дейін артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

«Күзгі егін жинау науқаны оңтайлы мерзімінде атқарылуда. Қазіргі таңда, облыста күріштен басқа дәндік дақылдарды (күздік бидай, жаздық бидай, арпа, сұлы, дән жүгері) және майлы дақылдардан мақсары мен сояны, картоп, көкөніс, бақша, дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл саланы қолдауға осы жылы барлығы 4,1 млрд. теңге мемлекеттен қаржы бөлінді. 40,3 мың гектар жерге егілген жоңышқадан 228,4 мың тонна ескі жоңышқа, 17,8 мың тонна жаңа жоңышқа өнім жиналынды. Сүрлемдік жүгеріден 7,1 мың тонна өнім алынса, мал азықтық асқабақ толық жиналып 1,5 мың тонна өнім алынды. Сүрлем дайындау жұмыстары әлі де жалғасуда», – деді Талғат Тұрсынұлы.

Аймақта күрішке орақ салу жұмыстары 26 тамыздан басталды. Бүгінгі күні күріштің 78103 гектарына (93,5%), орақ салынып, оның 70344 гектары (90,1%) бастырылды. Әр гектарынан орташа 55,8 центнерден өнім алынуда. Күзгі егін жинау науқанын 10 қазаннан кешіктірмей аяқтау жоспарлануда.

Тағы да оқыңыз: