Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы “Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының” ұйымдастыруымен және “Тіл – Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен «Тәуелсіздікке тағзым – тілге құрмет» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған республикаға белгілі тіл мамандары онлайн қатысты.

Шараның мақсаты – Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбында жарияланған бағдарламалық мақаласын талдау.

Дөңгелек үстелді модератор, орталық директоры Ләззат Ортаева жүргізді. Алғашқы сөз кезегін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті “Тіл – Қазына” ұлттық ғылыми практикалық орталығы директорының орынбасары Айдос Тұрсынбайұлы алып, өз баяндамасында қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары, ФБ әлеуметтік желісінде қазақ тілі оқытушыларының онлайн тобын құру жөнінде ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде орталықтың тәжірибелі маманы Әсел Бахытованы модератор ретінде тағайындау жөнінде ұсынысын айтты. Мұнан соң өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы бірлескен жұмыстарды атқаруда орталығымызбен тығыз байланыс жасап, бағдар беріп отырған Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының “Тілдерді дамыту және ономастика” бөлімінің басшысы Ләззат Есімова сөз алып, аймақтағы атқарылып жатқан тіл саласына қатысты жұмыстарға тоқталды.

Одан кейін сөз алған орталықтың оқу-әдістемелік бөлім басшысы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Нұрсәуле Мусаева мақалаға жүйелі талдау жасай отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Ассамблея жанындағы “Қоғамдық келісім” орталығымен бірлесе отырып ауқымды жұмыстар атқару жөнінде ұсынысын жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысушы қоғамдық бірлестік өкілдері, ерікті курс тыңдаушылары өз ойларын ортаға салып, қазақ тілін үйренуге деген ерекше ықыласын байқатты. Шара соңында тіл үйренуші өзге ұлт өкілдеріне орталықтың атынан арнайы алғыс хат берілді.

Тағы да оқыңыз: