Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай және «Таза Қазақстан — таза аймақ» экологиялық акциясы аясында аудан орталығындағы «Парасат» алаңында тал егу жұмыстары жүргізілді.

Ағаш отырғызу іс-шарасына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудан ардагерлері, халық қалаулылары, тұрғындар мен жастар қатысты.

Өз кезегінде аудандық мәслихати депутаты Ақтөре Ибрагимұлы іс-шараға қатысты пікір білдірді.

– «Бір тал кессең, он тал ек». Бұл ата-бабаларымыздың бізге өсиет еткен даналық сөзі. Бірақ бір тал кеспей-ақ он тал егуге де болады. Өйткені жасыл желектің көп болғаны қоғамның дамуы мен экологиялық мәселелердің орнықты шешілуіне оң әсер етеді. Бүгін біз аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлымен және аудандық мәслихат төрағасы Ержан Ертарғынұлымен бірге Тереңөзек кентіндегі «Парасат» алаңына барып, тал ектік. Тал егу жұмыстарына «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері де қатысты. Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Таза Қазақстан» республикалық акциясына байланысты Сыр жұртшылығына жолдаған Үндеуінде «Ұлы жол – алғашқы қадамнан басталады. Осы ретте, тазалық айлығы аясында облыс халқы туған жерді түлетуге атсалысады деп сенеміз» деген болатын. Аймақ басшысының бұл бастамасын қолдау мен туған жердің гүлденуіне атсалысу – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Аудан басшысы игі іс-шараға жиналғандарды мерекемен құттықтап, барлық жұмыс ауызбірлікпен атқарылатынын жеткізді. Ауданның көркейіп, гүлденуіне барша тұрғын атсалысуы керектігін айтты. Ардагерлер де мерекелік лебіздерін білдіріп, жастармен бірлесе ағаш көшеттерін отырғызды.

Тағы да оқыңыз: