Kyzylorda-news.kz. 23 маусым – Полиция күні мерекесі, 24 маусым – Судья және сот қызметкерлері күні мерекесі аясында аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық сот қызметкерлері мен тәртіп сақшыларын құттықтады. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен қабылдауға сала басшылары, ардагерлер және қызметкерлері қатысты. 

– 23 маусым – Полиция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн  қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлердің еңбектерін бағалап, алғысқа бөлеп, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына құрмет көрсететін күн. Ауданымыздағы полиция қызметкерлері де тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қызмет жасап, аянбай еңбек етуде.  Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында да қырағылық танытып, нәтижелі қызмет атқарып келеді. Сондықтан ауданның тәртіп сақшыларына зор алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, 2022 жылғы 31 наурызындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 24 маусым күні Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі Судья және сот қызметкері күнімен толықтырылды. Сондықтан Құрметті Сот саласының қызметкерлері Сіздерді де кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Әділ төрелік жасап, сот жүйесінің дамуы мен қалыптасуына қосқан зор үлестеріңіз үшін ризашылығымды  білдіремін. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте толағай табыс тілеймін! – деді аудан басшысы құттықтауында. Аталған іс-шарада сала қызметкерлері облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталып,еңбегі еселенген сала ардагерлері мен ерен еңбегімен көзге түскен бірқатар полицейге төсбелгілер табыс етілді.

– Сырдария құқық қорғау саласының мамандарына жиі құрмет көрсетіліп тұрады. Кәсіби мереке қарсаңында сот саласы қызметкерлерінің мерейі тасыды десем қателеспеймін. Қазіргі уақытта сот саласы жаңғырып, кәсіби мамандарға жаңа міндеттер жүктелуде. Біз қашанда ашықтық қағиданы ұстанамыз. Біліктілігі жоғары мамандарды қызметке тартып, әділдік орнауына барлық жағдай жасаймыз. Мал ұрлығы секілді бірнеше қылмыстың орын алғандығын дәлелдеп, қылмыскерлерге тиісті жаза кесуге мүдделеміз. Өз кезегінде медиация, билер кеңесі секілді қызметтерді үнемі жетілдіріп отырамыз. Аудан тұрғындары сан түрлі арыз-шағыммен келеді. Негізінен, қос тарапты сотқа дейін жеткізбей бітістіру – маңызды рөл ойнайды. Кәсіби мереке қарсаңында біздің сала мамандарын ынталандыра білген аудан басшысына алғыс айтамыз, – аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов.   

Шын мәнінде, өткен жылдың 31 наурызынан бастап,  Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі судья және сот қызметкері күнімен толықтырылды, ол жыл сайын республикада 24 маусымда атап өтіледі. Өз кезегінде құқық қорғау саласының ардагері, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтады. 

– Мен бірнеше жыл құқық қорғау саласында қызмет еттім. Біздің кезімізде жұмыс істеу тәсілі өзгеше болатын. Жанкештілікпен қоғам тынышытығын күзететін сала мамандары бар құрметке лайық. Қазіргі уақытта көптеген оқиғалар орын алуда. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті орнату үшін кәсіби біліктіліктеріне сүйенеді. Қазіргі уақытта аудандық полиция бөлімі жас мамандармен толығуда. Сонымен бірге учаскелік полиция қызметіне біліктілігі жоғары мамандар тартылуда. Біз сала ардагері ретінде жас мамандармен байланыс орнатып тұрамыз. Сонымен бірге жақында құқық қорғау саласында қызмет еткен көптеген ардагерді еске алдық. Арнайы құрбандыққа мал шалып, олардың рухына Құран бағыштадық. Өздеріңізге белгілі, тәртіп сақшылары күні-түні ұйқы көрместен, қызметін қалтқысыз атқаруға күш-жігерін салады, – дейді сала ардагері.

Расында, 23 маусым – Полиция күні мерекесі аясында құқық қорғау қызметіне бағынысты сан түрлі сала мамандары өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. 

– Үнемі біз артылар міндеттің жүгі ауыр. Сала мамандары қылмескермен бетпе-бет келіп, күніне қаншама құқық бұзушылықты анықтайды. Полиция қызметкеріне қойылатын талап жоғары. Әрине, әрбір маманның отбасында ата-анасы, жұбайы, балалары күтіп отырады. Біз қашанда  жергілікті халықтың тыныштығына жауап беріп, қоғам үшін адал қызмет еткіміз келеді, – деді Азамат Оспанов.   
 

Тағы да оқыңыз: