Сырдарияда жастарының дәстүрлі ХІІ форумы өтті – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Сырдарияда жастарының дәстүрлі ХІІ форумы өтті

26.11.2020, 16:00

372 0

Kyzylorda-news.kz. Бүгін ауданға қарасты Нағи Ілиясов ауылында «Волонтер жылын» қорытындылауға арналған аудан жастарының дәстүрлі ХІІ форумы өтті. Оған аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Мәстеков қатысты. Карантин талаптарына сәйкес кент және ауылдық округі әкімдері, жастар жетекшілері форумды онлайн режимде көрді.

Жастар форумы басталмас бұрын аудан әкімі Кеңес Одағының батыры Н.Ілиясовтың 100 жылдығына орай ауылдық мәдениет үйі алдындағы ескерткішке гүл шоғын қойып, батыр рухына тағзым етті.

Дәстүрлі форум жұмысын аудан басшысы құттықтау сөзбен ашып, биылғы «Волонтерлар жылында» аудан жастары белсенді болғанын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жастарға зор қолдау бар екенін жеткізді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл «Волонтер» жылы деп жарияланды. Ел Президенті өз сөзінде «Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан биылғы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет» деп атап өтті. Бұл «Жастар жылының» жалғасы ретінде лайықты бағаланды. «Еріктілер жылына» орай аудан жастары ауқымды бастамаларды жүзеге асырып, бірлікпен, ынтымақпен биік белестерді бағындыра білді. Бүгінде Сырдария ауданы бойынша 10 мыңнан астам жас болса, «Волонтер жылына» орай 400-ге жуық аудан жастары ерікті болып тіркелді. Еріктілеріміз «Біргеміз» жалпыұлттық жобасының 7 бағыты бойынша көптеген игі шараларды жүзеге асырып, 70-тен аса түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде, ерікті жастар ардагерлер, жалғызбасты аналар, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, әлеуметтік қызметкерлер ерікті жастармен бірге мұқтаж жандарға көмектер көрсетті. Белсенді жастарымыз тарихи орындарда тазалық жұмыстарын жүргізді. Аудан еріктілері пандемия кезеңінде өте белсенді болды», – деді аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы.

Биыл пандемия кезеңінде аудан бойынша 20 млн теңгеге көмек көрсетілсе, бұған аудан жастары лайықты үн қосты. Аудандық ауруханада ем алып жатқан науқастарға қажетті медициналық құрылғылар мен дәрі-дәрмектердің жеткізілуіне атсалысты. Сондай-ақ, төтенше жағдай барысында өз қолдарынан 3 мың данадан астам, кәсіпкерлердің көмегімен 8 мыңнан астам бетперде тігіп, аудан тұрғындарына тегін таратты.

«Волонтер жылында» еріктілермен ғана емес жастардың түрлі санаттары бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағытымен 26 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілсе, екінші бағыты бойынша 23 жас кәсіпкер несие алып, кәсібін ашты. Бағдарламаның «Бастау бизнес» оқу курсына тіркелгендер саны 179 болса, оның 87-і жастар. Бүгінде «Бастау бизнес» жобасы бойынша 96 адам онлайн оқытылуда, оның 31-і жұмыссыз жастар. «Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға» мемлекеттік грант беру тетігі бойынша 160 жас грант иегері атанған. Оның 3-і мүмкіндігі шектеулі жастар.

Биыл жастар практикасына 207 жасқа жолдама беріліп, оның ішінде 13 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 160 жас жіберілді. Ал «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы бойынша 37 маман 10,3 млн теңге көтерме жәрдемақы алса, 52 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 202,8 млн теңге бюджеттік несие берілді.

Аудан әкімі өз сөзінде жастар масылдыққа салынбай, еңбек ету керектігін тілге тиек етті. Оған қазір қолдау зор екенін де айтты. Сонымен қатар, кәсіпкерлікке бет бұрып, өз кәсібін дөңгелететіндерге мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі мол екенін жеткізді. Сөз қорытындысында аудан басшысы ерікті жастарға ризашылығын білдірді.

«Жастарды еріктілік қызметте биылғы жылмен шектелмей, алдағы уақытта да жүзеге асыра беруге шақырғым келеді. Сан салада жетістікке жетіп жүрген жастарымыз биылғы жылы да өздерінің егемен елдің ертеңі үшін аянбай еңбек ететінін дәлелдеді. Ерікті жастарымызға үлкен алғысымды жеткізгім келіп отыр. Волонтерлік қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке өздігінен-ақ қадам басатыны сөзсіз. Сол себепті ауданымыздың дамуына өз үлестеріңізді қосып, ерен еріктіліктің үлгісін көрсететіндеріңізге сенімдімін», – деді аудан әкімі.

Сөз кезегінде облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Б.Мәстеков облыс жастарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Оның ішінде, сырдариялық жастардың белсенділігін ерекше атап өтті. Биылғы айтулы жылда аудан жастары аймақта үлгі боларлық іс тындырғанын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.

Кездесу форматындағы форумда аудан жастары ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда, айдарлылық ерікті жас Өмірзақ Есболатов ауылдағы бос ғимаратты жастардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін спорттық үйірмелерге пайдалануға қолдау білдіруді сұрады. Сондай-ақ, тереңөзектік Әділ Ерғали жас жайдарманшыларға қолдау керектігін айтса, шіркейлілік Нұрсұлтан Сайлаубеков елді мекендерде жастар бригадаларын құруға шақырды. Аудан басшысы жастардың ұсыныстары қолдау табатынын жеткізді.

Форумда жылдағы дәстүрге сәйкес аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығы табыс етілді. Түрлі номинация бойынша өз саласындағы белсенді 10 жас аталған сыйлыққа лайық болып, оларды аудан басшысы арнайы дипломмен және 100000 теңгенің сертификатымен марапаттады. Сонымен қатар, биылғы «Волонтерлар жылында» халыққа ерікті түрге көмек көрсеткен бірқатар сырдариялық «Жыл еріктісі» номинациясымен марапатталды.

Жастардың дәстүрлі форумында концерттік бағдарлама қойылды. Сонымен бірге, форум аясында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.

0

Пікір қалдыру