Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі Орталық алаңға түлектер тартуы ретінде ескерткіш-стелла қойылған болатын. Бұл аудан орталығының ажарын айшықтап, ерекше сән беріп тұр.

Ескерткіш-стеллаға жалпыхалықтық атау қою мен әуен таңдау әлеуметтік желіде талқыланып, қоғам пікірі ескерілді. Көпшілік бұған “Алтын сағат”, “Алтын уақыт”, “Сыр сағаты” секілді атауларды ұсынды. Оның ішінде, әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі “Алтын сағат” деген символикалық атауды таңдауды ұсынды. Нәтижесінде, жайқалған күріш бейнесіндегі алып ескерткіш-стелла “Алтын сағат” атанды.

Жалпыхалықтық атаудан кейін әр сағат сайын уақыт белгісін білдіретін әуен таңдау қажеттілігі туындады. Бұған арнайы комиссия құрылып, бірнеше әуен тыңдалды. Соның ішінде Сырдария ауданында дүниеге келген «Сыр сұлуы» әні бірауыздан таңдалды.

Таңдалған әуеннің үзіндісі “Алтын сағатқа” орнатылып, алғашқы рет 31 шілде күні сағат 12-00-де шырқалды. Енді әр сағат сайын “Сыр сұлуы” әуенінің үзіндісі аудан жұртшылығына және қонақтарына естіліп тұрады. Ұлық мерекеде әуеннің орнатылуы аудан халқына ерекше сый екені сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: