Kyzylorda-news.kz. «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен ерлігі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Хайрулла Әбеновтің есімі аудан халқына етене таныс. Өзі өмірден өтсе де қайраткер-тұлғаның артында өнегелі ісі мен өшпес ізі қалды. Тағдыр жолы тағылымға толы ардақты ардагердің атқарған қызметі мен өмір жолы туралы «Ел ағасы – Хайрулла» атты кітап жарыққа шығып, кеше аудандық мәдениет үйінде салтанатты түрде тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.

Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыс аудандарынан келген зиялы қауым өкілдері, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен ардагерлер қатысты.

Кітаптың тұсаукесерінде аудан әкімі сөз сөйлеп, өмір жолы кітапқа арқау болған Хайрулла Әбеновтің ғұмыры ғибратқа толы екенін атап өтті.

«Ықылым заманнан келе жатқан Ұлы дала қағидатында «Еліңде кімің бар?» дегенде, халқымыз салиқалы жұртының санасына сәулесін төккен тұлғаларын, кемеңгерлерін алға шығарғаны белгілі. Өйткені, елдің мерей-мәртебесін көрнекті тұлғалар, қабырғалы азаматтар қалыптастырған. Сондықтан жау бетке білектісін, дау бетке біліктісін, жарастыққа жақсысын жұмсаған қазақ халқы ешқашан да ардақты тұлғаларға кенде болмаған. Ғұмыр жолы кітапқа арқау болған Хайрулла Әбенов ағамыз сондай ардақты, сыйлы, құрметті, қадірлі азамат еді. Хайрекең Сырдария ауданы халқының бірлігі бекем, тірлігі көркем, қай істе де ынтымағы жарасқан халық екенін айтып жүретін. Аудан әлеуетінің жақсы екенін де алға тартып, өркенді өңірді өрістетуге жұмыс жасайтыныма зор сенім білдіретін. Мен ардақты азаматты болмысы бөлек қайраткер тұлға деп білемін. Ол кісінің ауданның дамуына сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан артында игілікті іс қалдырып, көптің құрметіне бөлене білген ардақты азаматтың есімі аудан тарихында мәңгі қалатынына сенімім кәміл. Бүгін тұсауы кесілетін кітап Сыр өңірінің дамуына сүбелі үлес қосқан абзал ағаға деген ерекше құрметтің белгісі. Осы ретте кітаптың құрастырушы авторы, аудандық мәслихаттың депутаты Ақтөре Ибрагимұлына ризашылығымды білдіріп, шығармашылық сәттіліктер тілеймін», – деді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.

Тағылымды іс-шарада облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев парасат-пайымы биік, тазалықты ту еткен замандасы туралы естеліктерімен бөлісті.

«Мен Хайрекеңді біраз жылдардан бері сырттай білетінмін. Бертін келе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы қызметіне келіп, Сырдария аудандық ардагерлер кеңесі қызметіндегі Хайрекеңмен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жүріп, сыйлас та, сырлас та болдық. Өмір деген осы. Алатауды алпыс, Қаратауды қырық айналып іздесек те өмірден озған жандардың жарқын дидарлары тұнық судың түбінен шарайнадай бұлдырап елес қана береді. Десе де, Хайрекең көзден кетсе де көңілден кетпейтін текті тұлға десем, асыра айтқандығым болмас. Ардақты азаматтың өмірдерегіне жүгіртер болсақ, оның елі үшін емірене жүріп еңбек еткеніне тәнті боламыз. Ол елі үшін еткен еңбектерін, төккен маңдай терлерін пұлдамаған, күннен жұмыс, түннен тыныс сұраған, барға қанағат, жоққа салауат айтатын азамат еді», – деді Серік Әбішұлы.

Алғы сөздерден кейін аудан басшысы мен ел ағалары бастаған топ кітаптың құрастырушы авторы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлымен бірге жаңа кітаптың тұсауын кесті.

«Ел ағасы – Хайрулла» атты кітапты жұртшылық зор ықыласпен қабыл алып, шығармашылық топ мүшелерінің жұмысын жоғары бағалады. Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова бастаған Сырдария ауданының бұрынғы әкімдері Әріп Қожбанов, Ибрагим Абибуллаев, Сұлтанбек Тәуіпбаев, Ғанибек Қазантаев, Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, Сырдария аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және Х.Әбеновтің інісі Марат Тұрғанбаев сөз сөйлеп, рухы биік рухани бай азаматтың ауданның ғана емес облыстың дамуында алатын орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ қызмет барысындағы жауапкершілігі мен ұқыптылығы, мінезінің сабырлылығы мен жайсаңдығы, өзінен кейінгілерге үлгі бола білгендігі жөнінде естеліктерімен бөлісті.

Өз кезегінде кітаптың авторы Ақтөре Ибрагимұлы елге қадірлі болған Хайрулла аға Әбенов туралы кітап жазу інілік парыз болғанын тілге тиек етті.

«Халқымызда «Орны ойсырап қалды» деген сөз бар. Осынау мәнді, мағыналы, салмақты, саналы сөздің қадірін біз текті де таза, қарапайым да қадірлі ардақты ардагер Хайрулла Әбенов ағамыз өмірден өткенде түсіндік. Расында да абыз ақсақал дүниеден озғаннан кейін ол кісінің орны қатты ойсырап қалды. Сірә, ойсыраған орынды толтыру ешкімнің қолынан келмес. Өйткені, ел ағасы атанған ақсақалдың орны бөлек еді.Кітап – өткеннің бүгінге, бүгіннің болашаққа аманат сөзін арқа-лайтын құнды да қастерлі дүние. Сондықтан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев «Кітап – адамды, кітапхана – адамзатты тәрбиелейді» деп бекер айтпаған. Осы орайда әуелі қолдарыңызға тиіп отырған ғұмырбаяндық кітапты жазуға не түрткі болғанын айтып өтейін. Қалам ұстап, журналистика саласында еңбек етіп жүргеннен кейін тарих пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінеміз. Оның үстіне өзімнің әрбір жетістігімді аға буынның қолдауымен, жанашырлығымен, ықыласымен байланыстырамын. Ғибратты ғұмыры кітапқа арқау болған Хайрулла Әбенов менің шығармашылықпен айналысуыма көп қолдау көрсеткен азаматтардың бірі де бірегейі еді. Ардагер ағаның шынайы ниеті мен тілектестігінің әсері болар, 2021 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанған күні Х.Әбенов түсіме енді. Әдеттегідей, кең құшағын айқара ашып, құшақтап, күлімдеген қалпымен қолымды қысып, ақ батасын берді. Таңата көрген түсімді жақсылыққа жорып, өткен күндерді ой елегінен өткізіп, тағдыры тағылымға толы тұлғаның өнегелі өмір жолы туралы кітап жазу туралы ойладым. Бұл ойымды көңіл таразысына салып, жинақтап, саралап әріптестеріме, аудан ақсақалдарына, Х.Әбеновтің ұрпақтарына айтып едім, бастаманы барлығы бірден қолдап, орынды әрі құптарлық іс екенін айтып, өз үлестерін қосатынын жеткізді. Сөйтіп көпшілік құптаған жұмыс басталып, естеліктер жинақталып, міне қолдарыңызға кітап ретінде ұсынылып отыр. Бұл кітапты жарыққа шығару – біздің ардагер ағаның рухының алдындағы азаматтық, інілік парызымыз деп білемін.Кітаптың «Ел ағасы – Хайрулла» деп аталуында да үлкен мән бар. Негізі Хайрулла Әбенов қай қырынан алсақ та «Ел ағасы» деген атқа барынша лайықты тұлға болды. Осы кітаптың шығуына атсалысқан баршаңызға алғысымды білдіремін», – деді Ақтөре Ибрагимұлы.

Кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналған жұртшылық Х.Әбенов өмірден өткеннен кейін, өмір жолы өнеге боларлық екінші өмірі сәтті бастау алды деп айтты. Енді аудан тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын ардақты азамат Хайрулла Әбеновтің өнегелі істері ұлықтала бермек.

Тағы да оқыңыз: