Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірінде «InnoFest» Qyzylorda фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қызылорда облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла хабарлады.
Қызылорда облысы әкімінің қолдауымен 2022 жылдың 17-18 желтоқсан күндері «InnoFest» Qyzylorda фестивалін өткізу жоспарлануда. «InnoFest» Qyzylorda шарасының мақсаты – 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін «SmartCity», «Контент&Медиа», «Кино&Видео» бағыттары бойынша инновациялық жобаларды жасау.
«Бұл фестиваль жаңа перспективалы инновациялық IT жобаларды анықтауға, жаңа жоба жасауға идеясы бар, бірақ оны жүзеге асыруға ресурстары жеткіліксіз қатысушыларға мүмкіндік береді. Қатысушы өз жобасын іске асыру үшін команда жинау мүмкіндігіне ие болады. Фестиваль форматы бойынша бір тәулік ішінде командалық жұмыс нәтижесінде тек идея болған жоба прототипке айналады», - дейді Цифрлық технологиялар бөлім басшысы Сәбит Ибадулла.
Фестивальдің жүлде қоры – 3 000 000 теңге. Сондай-ақ үздік жобаларды таныстырған оқушыларға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және «Болашақ» университеті ректорының білім гранттары табысталатын болады.
«Биылғы жылы өтетін «InnoFest» Qyzylorda фестивалінің серіктестері - «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры», «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Университеті», «Болашақ» университеті, «Мағжан және К» ЖШС, «Транстелеком» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Ғылым қоры» АҚ және басқа да компаниялар. Фестиваль серіктестерімен қатысушыларға бағалы сыйлықтар ұсынылатын болады. Фестивальге тіркелу және толық ақпарат innofest.kz сайтында, сондай-ақ қатысушы сертификаты Smart Qyzylorda мобильді қосымшасында онлайн түрде беріледі», - дейді Сәбит Ибадулла.
Биыл аталған фестивальге 400-ден аса жас қатысуға ние білдірген.
«Өңірімізде инновациялық жобаларды қолдау мақсатында жыл сайын ауқымды жобалар өткізіліп отырады. Соның бірі - «InnoFest» Qyzylorda фестивалі. Жалпы қала және аудан жастары «InnoFest» Qyzylorda жобасына ерекше қызығушылық танытуда. Биыл аталған жоба аясында қатысуға ниетті жастар саны 400-ден асып отыр. Былтыр жобаға қатысушы жастар да жоғары деңгейде жобаларын қорғап шыққан болатын. Соның ішінде ерекше көзге түскен сырдариялық оқушы анимациялық сурет салу арқылы тың идеяны жүзеге асырып, жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жеңімпаздар арасында танымал блогер әрі тиктокер Азамат Тұрсынбай қазақша контент қалыптастыру бағытында тың идеяны іске асырып, бүгінде жастар арасында өте танымал блогерлердің бірі болды. Жалпы фестивальге қатысушыларға сәттілік тілеймін! Сонымен қатар жобаға демеуші болған облыс әкіміне алғыс айтамыз», - деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Рекрутинг және мансап басқармасының басшысы Жандос Оразмаханов.
Өткен жылғы фестивальде 1500-ге жуық қатысушы мен 200-ге жуық команда тіркелген. Фестивальге облыс жастарынан басқа Нұр-Сұлтан, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан және Түркістан облысынан қатысушылар да қатысты. Былтыр жүлде қоры 2 400 000 теңгені құрады. Фестиваль қорытындысы бойынша әр секциядан 3 команда жеңіске лайық деп танылған болатын. Әр жеңімпаз командаға І орын - 300 000 теңге, ІІ орын - 200 000 теңге, ІІІ орын - 100 000 теңге сертификаттары табысталды. Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының грантын 4 қатысушы, «Болашақ» университеті ректорының грантын 4 қатысушы иеленді. Екі командаға Нұрсұлтан Назарбаев қоры атынан бағалы сыйлықтар және 2 командаға «Болашақ» университеті атынан 50 000 теңгеден сертификат берілді.