Kyzylorda-news.kz. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен бір ғасырлық тарихы бар «Айтбай» мешітінде еліміздегі төтенше жағдайға байланысты құрбандық шалынды.

Құрбандық шалу барысында Сыр өңірінің Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы бастаған имамдар тобы қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған қауіпті вирус – COVID-2019 жұқпалы індетіне қатысты Алла Тағаладан  халқымыздың амандығы мен тыныштығын тілеп дұға жасады.

Айта кетейік, короновирус жайылуының алдын алу мақсатында елімізде төтенше жағдай режимі енгізілген болатын. Сонымен қатар, ҚМДБ пәтуасына сәйкес, адам денсаулығы мен қауіпсіздігін негізге ала отырып, еліміздегі барлық мешіттерде жұма намазы, бес уақыт намазда жамағатпен оқылуы да уақытша тоқтатылды.

Осыған орай, Бас имам Болатбек Ұласқанұлы имамдарды халық арасында алауыздық орын алмас үшін түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоғам тыныштығын сақтау жолында аянбай қызмет етуге шақырды.

Сонымен қатар, қалалық «Айтбай» мешітінде өткен игі шара «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен қайырымдылық акциясына ұласты. Қайырымдылық шарасында Бас имам Болатбек Ұласқанұлы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, сабырлық танытуға үндеді. Соңында әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға бір айлық мөлшеріндегі азық-түлік дорбасын үлестірді.

Тағы да оқыңыз: