Kyzylorda-news.kz. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингте Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, өңірде ауыл шаруашылығы бойынша бірнеше жыл қатарынан өндірісті және осы саланың дамуын сипаттайтын басқа да бірқатар көрсеткіштер артқан. 2019 жылдың 10 айының өзінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,5 пайызға өскен.

«Бұл – бірінші кезекте салаға инвестициялардың жоғары өсу қарқынымен, техникалық қайта жарақтандырумен және жаңа технологияларды енгізумен байланысты», – дейді бұл тұрғыда Қуанышбек Ысқақов.

Мәселен, 2015 жылы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына шамамен 9 млн. АҚШ доллары тартылса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 15 млн. АҚШ долларынан асып түскен.

«Бұл диқандарымыздың қаржылық мүмкіндіктерінің артқанын, олардың дамуын көрсетеді. Осы мәселеде кез келген бизнестегі қол жеткізген жоғарғы нәтиже – өнімнің экспортқа шығуы. Ал, ауыл шаруашылығында, бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнім өндіруді үйрендік. Мәселен, өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы өнімінің экспорт көлемі 28 пайызға өсті. Биыл да осыдан кем болмайды деп отырмыз», – дейді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы, облыста 2016 жылы бірнеше жылдан кейін алғаш рет бақшалық дақылдар экспортын жанданғанын атап өтті. 2017 жылы – көкөністер мен малды Біріккен Араб Әмірлігі, Иран, Монғолия және Өзбекстан мемлекетеріне экспорттай бастаған.

Ал, 2018 жылы Қытайға алғаш рет мақсары майын жіберілген. Биыл осы елге жүнді экспорттай бастапты.

«Саланың экспорттық әлеуеті жоғары. Бұл ретте, алдымызға шикізат өңдеуді қамтамасыз ету және сыртқы нарыққа жоғары сапалы дайын өніммен шығу міндетін қойдық», – деді ол.

Тағы да оқыңыз: