Kyzylorda-news.kz. Бүгін аудан әкімі Нариман Мақұлбеков ҚР Президентінің Жарлығымен наградталған батыр аналарды қабылдап, ауданның бірқатар көп балалы аналарына «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарын табыстады.

Шара барысында аудан әкімі 8 алтын және 37 күміс алқаны өз иелеріне табыстады.

«Кез келген адамның әдептілігі мен жан-дүниесінің сұлулығы ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер де ең алдымен анадан тарайды. Әлемдегі ең кешірімді, ең мейірімді жан – ана. Ана баласы қандай қателік жасаса да кешіреді. Оның мейірімділігінде шек жоқ. Ана болу – бүкіл өміріне кететін рухани күш пен ерен еңбек. Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс», – деді аудан әкімі.

Шара барысында алты баланың анасы Ә.Рыспанбетова сөз алып, өз алғысын жеткізді.

«Мемлекеттің аналарға көрсеткен құрметі мен аудан басшылығы тарапынан айтылған ізгі тілектер бізді қанаттандыра түсті. Әрбір ананың жүрегінде қуаныш сезімі орнап, жанарлары нұрланды. Елдің ертеңін ойлайтын, ұлтжанды, білімді ұрпақты дүниеге әкеліп, халық санын көбейтуге күш саламыз», – деді 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері Ә.Рыспанбетова.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудан бойынша 2571 батыр ана бар. Олардың 709-ы «Алтын алқа», 1478-і «Күміс алқа» иелері.

Тағы да оқыңыз: