Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында жыл басынан бері 120 тонна ақ күріш, 451 тонна көкөніс, 1855 тонна бақша дақылдары Ресей және Қырғызстанға экспортталды. Бұл туралы Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараков мәлімдеді.
Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавл, Ақтөбе және Жаңаөзен, Шымкент, Ақтөбе, Ақтауға 390 тонна ақ күріш, 430 тонна қарбыз, 1500 тонна қызанақ және 875 тонна жоңышқа шөбі сатылды.
Кентте 68 көше жөнделді
Биыл Шиелі кенті көшелерін жөндеуге «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 293 млн теңге қаржы бөлінді. Ұзындығы 23,5 шақырымды құрайтын 68 көше жөнделді. Оның ішінде 36 көшеге асфальт төселіп, 32 көшеге жай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, Шиелі кентінен бөлек, 11 елді мекенде ұзындығы 23 шақырым 27 көшеге 224,4 млн теңгеге күрделі, орташа және жай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
7 мектеп және 2 балабақша жөндеуден өтті
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл Шиелі ауданындағы білім мекемелері ғимараттарының күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 668 млн. теңге қаржы бөлінді. 1 мектеп күрделі, 1 мектеп ағымдағы, 2 балабақша ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, «Ауыл ел бесігі бағдарламасы» бойынша 224,6 млн теңгеге 1 мектеп күрделі жөндеуден өтті.
Одан өзге жергілікті бюджеттен 64,4 млн теңгеге аудандағы 4 мектепке ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
2148 жаңа жұмыс орны ашылды
Аудан бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 38,1 мың. Оның 36,2 мыңы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз (1847 адам), жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,5 пайыз.
Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелген 3207 жұмыс іздеушінің 1176-сы бос жұмыс орындарына орналастырылды. Биылғы жылдың 9 айында аудан бойынша 2148 жаңа жұмыс орны құрылған.
Жаңадан 3 сауда дүкені және 1 күріш ақтау зауыты іске қосылды
Шиеліде сауда-саттық саласы бойынша жаңадан жобалық құны 140 млн теңгені құрайтын 3 сауда және 1 күріш ақтау зауыты құрылысы аяқталып, іске қосылды.
Жобалық құны 40 млн болатын «Азамат» бизнес орталығы ғимаратын жалға алып, кәсіпкерлер тігін цехы, мата сату дүкені, дәріхана ашты. Жаңадан 12 адам жұмыспен қамтылса, жобалық құны 50 млн теңгені құрайтын «Нұрбер-2» құрылыс заттар дүкенінде 6 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, «Ермат» жиһаз сату дүкенінің жобалық құны 30 млн теңге болса, «Тұрлыбаев Досжан» күріш ақтау зауыты тәулігіне 60 тонна ақ күріш, 20 тонна құрама жем өндіріп, 6 адамды жұмыспен қамтуда.
14 ауылға ойын алаңдары салынуда
Шиелі ауданында 2 стадион, 3 спорт кешені, 44 спорт зал, 121 спорт алаңдары жұмыс істейді. Ауданда спортпен шұғылданушылар саны 25 мыңнан асады. Яғни, жалпы халықтың 30,4 пайызы.
Биыл 9 ауылдық округке дала тринажорлары, 14 ауылдық округке ойын алаңдары салынуда. Сондай-ақ, 2 спорт кешенін, яғни Балаби ауылындағы спорт мектебі мен Шиелі аудандық спорт клубы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге жоба сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өтуде.
2635 отбасыға азық-түлікпен көмек көрсетілді
Шиелі ауданы бойынша төтенше жағдай кезеңінде наурыз, сәуір, мамыр, шілде, тамыз айларына 7307 азаматқа 94,6 млн теңге төленді.
«Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен «Birgemiz» қоғамдық қорынан халықты әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарына жататын 1600 отбасына 50 мың теңгеден 80 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді.
Сонымен қатар демеушілер есебінен 2635 тұрмысы төмен отбасыларға 19,5 млн теңгеге азық-түліктей көмектер берілді.