Kyzylorda-news.kz. Шиелі кентінде Ұлы Отан соғысының ардагері, құрылыс саласының майталманы Қазанғап Қожасовтың құрметіне ұрпақтарының мұрындық болуымен әсем саябақ ашылды.

Ашылу салтанатына аудан әкімі Нұржан Ахатов қатысып, Қожасовтар әулетіне ақжарма тілегі мен тындырымды тірліктері үшін алғысын білдірді.

– Халқымызда «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді», деген аталы сөз бар. Расында туған жерді көркейту-көгалдандыру баршамызға ортақ іс, әрі келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жасалған үлкен қадам деп санаймын.

Осы орайда, биыл аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен облысымызда «Үлгілі елді мекен» байқауы ұйымдастырылып, аудан көлемінде жүргізілген ұйымдасқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, Шиелі кенті "Үлгілі аудан орталығы" номинациясы бойынша II орынды еншілеп, "Қалдық тасымалдаушы камаз көлігі", "Жол тазалағыш трактор" және "ассенизатор" көлігін жеңіп алды. Бұл жетістік күннің ыстық-суығына қарамастан тазалық шараларына белсене ат салысқан барша азаматтардың ортақ жетістігі. Мұнан бөлек, біз өз тарапымыздан тазалық шараларына ат салысқан бірқатар азаматтар мен шаруа қожалықтарына, мекеме қызметкерлеріне бағалы сыйлықтар тарту еттік.

Бүгін міне осынау бастамаларға қолдау білдіріп, Ұлы Отан Соғысының ардагері Қазанғап Қожасов атамыздың ұрпақтары кент ішіндегі Қазанғап атамыздың атына берілген көше бойынан саябақтың тұсауын кескелі отыр. 

Қазанғап ақсақал ел мен жерге еңбегі сіңген Сыр елінің біртуар азаматы болатын. 19 жасында майдан даласына аттанып, жеңіспен елге оралғаннан кейін де құрылыс саласында 35 жылдан астам уақыт жемісті еңбек етті. Ауданымыздағы бірнеше әлеуметтік ғимараттардың, атап айтқанда Жуантөбе, Ақмая, Бұланбай Бауы елді мекендеріндегі білім ордаларының сапалы түрде салынып, балалардың игілігі үшін қызмет етуіне мүмкіндік жасады. Сондай-ақ, аудан орталығындағы бірден-бір арнайы-кәсіптік білім беру мекемесі «Шиелі Индустриалды-аграрлық» колледжі, «Салтанат сарайы», «Жадыра» сауда орталығы Қазанғап ағамыздың атсалысуымен бой көтеріп, кент келбетін келісті етіп тұр.

Ендеше, саябақты халық игілігіне деп тапсырып отырған Қожасовтар әулетіне өз атымнан және жерегілікті жұртшылық атынан алғысымды білдіремін. Болашақта осы саябақ тұрғындар тынығып, серуендейтін ауданымыздың ең бір көрікті жеріне айналсын, - деді аудан әкімі.

Тағы да оқыңыз: