Kyzylorda-news.kz. Сенатор Ақмарал Әлназарова Қазақстанда балалар арасында артық салмақ қосу көбейіп бара жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандағы балалар майлы, қанты мен тұзы көп өнімдердің көлемді маркетингінің ықпалында қалғанын мойындау керек. Бұл біздің балаларды ауқымды маркетинг әсерінен қорғау және шектеу қажеттігін көрсетеді», – деді депутат Сенаттың жалпы отырысында жариялаған депутаттық сауалында.
Қазақстандық ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының зерттеушілері мониторинг жүргізіп, мемлекеттік теледидардағы тамақ өнімдері жарнамасының ауқымы мен сипатына баға берді. Алты ұлттық телеарнадағы, оның ішінде балалар арнасынан 10 мыңнан астам жарнама қаралып, шамамен 370 сағат эфир уақытын құрайтыны анықталды. Сенатор зиянды тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындардың маркетингі балалардың шамадан тыс толысуының көбейіп кетуіне тікелей байланысты деп санайды.
«Орташа алғанда, 8-10 жас аралығындағы балалардың 25,7 пайызы теледидар көруге екі немесе одан да көп сағат уақыты кетеді және күніне шамамен 13 тамақ жарнамасын, ал жылына 4 700 жарнама көреді. Теледидардағы барлық жарнаманың 32,8 пайызы азық-түлік өнімдерінің жарнамасы. Ең жиі жарнамаланатын тағам өнімдерінің қатарында құрамында қанты бар сусындар тұр, олардың мөлшері 22 % болса, шоколад пен энергетикалық батондарға қатысты 17 пайыз болды», – деді Ақмарал Әлназарова.
Сенатор еліміздің заңнамалық актілеріне зиянды тамақ өнімдерінің маркетингін шектейтін және реттейтін, дұрыс тамақтану туралы ақпаратты барлық БАҚ-та , соның ішінде интернетте толық көлемде алуға құқық беретін тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарауды сұрады.