Kyzylorda-news.kz. Парламент Сенатының жалпы отырысында «1994 жылғы 10 желтоқсандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Хаттамаға 2017 жылы қарашада Челябі қаласында екі ел президенттерінің қатысуымен өткен ҚР мен РФ арасындағы өңірлік ынтымақтастық жөніндегі форум аясында қол қойылды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Айдарбек Сапаровтың сөзіне қарағанда, хаттамамен «Байқоңыр» кешенін жалға беру шарты №2 қосымшасын жаңа редакцияда беру көзделген.

«Хаттамамен оған жалпы алаңы 11,6 мың гектар төрт жер учаскесі жалға алу бөлігінен шығарылады. Оның ішінде жалпы алаңы 1 740 гектар екі учаске Қармақшы ауданы Төретам кентін кеңейту үшін, сондай-ақ 9 950 гектар екі учаске «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін, «Алматы-Мәскеу» теміржолын салу және «Бейнеу-Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі үшін алынып отыр. Құжатты ратификациялау көрсетілген учаскелерді Ресейге жалға берілген нысандардың тізімінен шығару барысын аяқтау үшін қажет», – деді ол.

Айта кетейік, көрсетілген жер телімдері Қызылорда облысының дамуы үшін қажет. Осы шаралар өңірдің әлеуметтік жағдайына және экономикасына оң әсерін тигізеді. Бұл жер телімдерін жалға алудан шығару Ресей тарапының Қазақстанға жыл сайынғы жалға алу төлемі сомасының қысқаруына ықпал етпейді.

Тағы да оқыңыз: