Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жұмыс сапарымен Арал ауданында болды – Kyzylorda News
Басты бет

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жұмыс сапарымен Арал ауданында болды

07.08.2020, 11:00

2814 0

Kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы жұмыс сапарымен ауданда болды.
Сапар барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан және өзге де құрылыс жұмыстарымен танысып шықты.

Арал қаласындағы №2 мөлтек ауданы аумағынан 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сенат депутаты құрылыс басында болып, қарқынды жүріп жатқан жұмыстарды көрді.

Атап өту қажет, аталған жобаның қаржысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» келісім-шарт негізінде облыстық бюджет есебінен бөлініп отыр. Яғни, жаңа баспанаға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрған салымшылар қол жеткізе алады.

Одан соң халық қалаулысы Абай көшесін абаттандыру және қала көшелерінде жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу жұмыстарымен танысты. Биылғы жылы қаладағы 33 көше орташа жөндеуден өткізіледі.

Содан кейін күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Арал индустриалды-техникалық және «Арал көпсалалы колледждеріне барды. Күрделі жөндеу барысында аталған білім беру нысандары заман талабына сәйкес жаңартылып, білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалмақ.Екі бірдей білім беру нысанындағы құрылыс жұмыстарының жай-күйін бақылап өткен соң жөндеу жұмыстарына жауапты мамандар мен колледж директорларына құрылыс сапасының басты назарда болуы қажеттігін айтты.

Мұрат Бақтиярұлы ауданның индустриалды аймағында «Qazaq Camel» ЖШС-нің түйе сүтін өңдеп, одан құрғақ сүт өндіретін цехының құрылыс алаңында болды. Жылына 130 тоннадан астам түйе сүтінен құрғақ қоспалар өндіруге қауқарлы цехтың құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, аудандық архив ғимаратындағы күрделі жөндеу және бүгінде құрылысы аяқталған аудандық сот ғимаратының аумағын абаттандыру жұмыстарымен танысып өтті.

«Мемлекет тарапынан ауқымды қаржы бөлініп, маңызы зор нысандарда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл бағдарлама негізінде жергілікті жердің тұрғындары жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, ғимараттар да жаңаша кейіпке енеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға сәттілік тілеймін, барлығы оңынан болсын»- деп тілегін жеткізді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

0

Пікір қалдыру