Kyzylorda-news.kz. Төтенше жағдай бірінші вице-министрі генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев 8-қабаттан қызды қағып алған Сәбит Шонтақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз құлаған кезде ата-анасы үйде болған, бірақ баланың жанында ешкім болмаған. Бақытымызға орай, 1985 жылы туған жетінші қабатта тұратын Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп құтқару бойынша іс-қимыл жасап, санаулы секундтарда баланың өмірін сақтап қалды», – деп мәлімдеді Төтенше жағдай департаменті.

Оқиға орнына жеке құрамның 7 адамы мен 2 техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жөнелтілді.

«Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылды, бірақ соңы қайғымен аяқталған көптеген жағдай бар. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық тастамаңыздар, өйткені баланың әрекет етуі үшін бір секунд жеткілікті», – деді құтқарушылар.

Тағы да оқыңыз: