Kyzylorda-news.kz. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарян ешқайда тіркелмеген ресейлік нөмірмен жүрген автокөліктерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, Ресей нөмірі бар, бірақ сол елде тіркеуде жоқ 88 мың көлік Қазақстан аумағында жүргені белгілі болды.

«ҚР Ішкі істер министрлігінің ресейлік әріптестерімен бірлесе жүргізген тексеріс Қазақстаның жолдарында Ресейдің есебінде тіркелмеген 88 мың автокөлік жүргенін көрсетті. Бұл өз кезегінде аталған көліктер ешқайда тіркеуде тұрмағынан білдіреді. Оларға қатысты көлік салығы Ресейде де, Қазақстанда да төленбейді», – деп жазды А. Мискарян Telegram каналында.

Осы орайда ол аталған 88 мың автөлікке тоқтала келе, тиісті салыстырмалы көрсеткіштерді атап өтті.

«2020 жылы Қазақстан аумағында 64 790 жеңіл көлік құрастырылды. Ал Toyota-ның ресми дилерлері 10 мың жаңа көлікті сатты. Сол кезеңде LADA 17,5 мың, Hyundai 18 мың көлік өткізді. Елімізде тіркелген автокөліктердің паркі 3,84 млн-ға жеткен, сәйкесінше 88 мың көлік барша автопарктің 2,5 пайызы. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы жаңа көліктердің барша нарығы (импорт пен жергілікті құрастыруды қосқанда) 90 мың болған.

88 мың (ресейлік нөмірдегі) көліктің арасында «криминалды» автомобильдер де бар. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің сөзіне қарағанда, РФ Ішкі істер министрлігі тарапынан іздеуде жүрген 606 көлік анықталды. Осындай 200-ден астам көлік табылып, айып тұрағына қойылды. Атап айтқанда, 2019 жылдың маусым айында «ҚазАвтоӨнеркәсіп» меморгандар мен қоғамның назарын осы проблемаға аударып, бірнеше іс-шараларды ұсынған едік. Осы орайда уақытша кіргізу рәсімдері мен әкелінген автокөліктерге қойылатын талаптарды түсіндіру, оларды әкімшілендіру жүйесін ретке келтіру, сондай-ақ сол кезеңде кіргізілгендерге мемлекеттік тіркеу жасап, техрегламент пен қауіпсіздік талабына сәйкес келмейтіндерге қатысты шара қабылдау ұсынылған еді», – деді Артур Мискарян.

Тағы да оқыңыз: