Kyzylorda-news.kz. «Қазір вирустың амандассаң да, көпшілік ортаға бара қалсаң да жұғу қаупі жоғары. Ал жұға қалса, дәріханалардағы дәрілер ауруды жеңуге қауқарсыз. Тек бұл тығырықтан алып шығатын вакцина ғана». Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте медицина саласының ардагері Сағындық Шәмшиев осылай деп мәлімдеді.

“Вакцинаның пайдасы мол. Ауруға қарсы күресу қабілеті де жоғары. Оны өз басымнан өткергем. Кеңес үкіметінің тұсында жаңа туылған балалар мен ересектерге дейін түрлі ауруға қарсы тұратын, имунитет қалыптастыратын вакцина салатын. Бізде салдырдық. Менің бүгінде медицина саласында жұмыс істегеніме 53 жыл толды. Алайда соның біз осы күнге дейін зиянын көргеніміз жоқ. Қазіргі вакцина да соның бір парасы. Мен қазір 77 жастамын. Кеше екпе салдырдым. Менің де бала-шағам, жақындарым бар. Оларды да қауіптен сақтауды әрбір адам ойлауы тиіс. Бұл дертті тек бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоғам болып қана жеңе аламыз. Ал оны жою үшін осы вакцина ғана көмектеседі”, – деді медицина саласының ардагері Сағындық Шәмшиев.

Былтырғы жыл қаншама отбасы жақындарынан айрылып, қабырғасы қайысты. Сол себепті қазір вирусқа төтеп беру үшін қыруар жұмыс жасалып жатыр. Облыста дәрі-дәрмек пен қорғаныш заттарына үлкен сомада қаржы бөлінуде. Алайда вакцина десе үркіп, ат-тонын ала қашатындар әлі де бар. Ал көпті көрген ардагер бұның дұрыс еместігін алға тартады.

“Қазір бос үрейді ысырып тастап, бәріміз бір көзқараста болуымыз керек. Себебі күннен күнге эпидемиялогиялық ахуал күрделеніп барады. Алда жағдайдың қалай өрбитінін ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан вакцина салдырып, тәж-тажалды жеңу үшін жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Вакцина салдыру тек халықты құтқарудың жолы. Сондықтан қорқудың қажеті жоқ”, – деді Сағындық Шәмшіұлы.

Тағы да оқыңыз: