Kyzylorda-news.kz.  Елімізде қазір Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасы талқылаудан өтуде. Дегенмен, талқылаудан кейінгі заң жобасында  бірқатар өзгерістер бар. 

Бұл жерде халықаралық тәжірибелер, заңнамалар қолданылған сияқты. Жобада біріншіден, бейбіт жиналыстардың сипаты нақтыланған, екіншіден, жиналыс, митинг пен демонстрация, шеру мен пикеттеу сияқты шараларды   өткізуде тараптардың жауапкершілігін, қатысушылардың еріктілігін, мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталып отыр, үшіншіден, бейбіт жиналысты ұйымдастырушының, оған қатысушының құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік органдардың құзіреттілігі мейлінше нақтыланған.

Ең бастысы, жобада бұрын көрсетілген бейбіт жиналыстарға қатысушылардың шектеулі саны алынып тасталған. Ендігі жерде журналистер де  ел заңнамалары аясында өз құқықтары мен міндеттерін сақтай отырып қатыса алады. 

 Сонымен қатар, жобада бейбіт жиналыстар стратегиялық маңызы бар орындарда өткізуге тиым салынады және Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіру, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға жол берілмейді, ал осындай жағдайлар орын алған жағдайда бейбіт жиналысты тоқтату туралы шешім қабылданады.

Осы тұста, яғни бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талап орындалмаған жағдайдағы ішкі істер органдарының қызметкерлерінің іс-қимылын әлде де айқындау керек.  Полицейлер қандай жағдайда адамдарға кедергі келтіріп, қандай жағдайда оларды қамауға алып кете алатынын анық көрсету керек сияқты.

Қай заң жобасы болмасын, кеңінен халықтық талқылаудан өткені дұрыс. Демократиялық қоғамда Конституцияға негізделген әрбір заң халық игілігіне қызмет атқаруы керек және  құндылықтардың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына  бағытталуы керек.

Сағат ТАЙМАН,

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының доценті,

тарих ,ылымдарының кандидаты

Тағы да оқыңыз: