Kyzylorda-news.kz. Елімізде 20 қарашада өтетін ҚР Президентінің сайлауына қатысты цифрландыру бағытындағы дайындық шаралары қарқынды жүргізілуде. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла хабарлады.
«Сайлауға дауыс беру мақсатында тұрғындардың қолайлы ақпарат алуына жағдай жасау үшін бірнеше сервистер іске қосылды. Атап айтқанда, тұрғындар өздерін сайлаушылар тізімінен тексеру және бекітілген сайлау учаскесінің орналасқан жерін анықтау мақсатында «Өзіңді Сайлаушылар тізімінен тексер» ресми веб-сервисі жұмысын бастады. Бүгінде бұл сервиске 5 мыңға жуық өтінім түсті. Сондай-ақ, сервисте әрбір азамат өзінің жеке сәйкестендіру номерін енгізу арқылы қай сайлау учаскесінде тіркелгенін картадан онлайн көруіне мүмкіндігі бар. Екінші сервис - 3 қадам принципімен «@sailau_kzoBot» телеграм чат боты жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл чатқа 300-ге жуық сұраныс түскен», - дейді облыс әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
Бөлім басшысының айтуынша, тұрғындар ұялы телефон арқылы «SMART QYZYLORDA» мобильді қосымшасын тегін жүктеп, онда ЖСН енгізу арқылы өз сайлау учаскесін анықтауға болады.
«Келесі «109 бірыңғай байланыс call-орталығы» тәулік бойы азаматтардың кез келген сауалына жауап береді. Егер тұрғындар өздерінің сайлау учаскесін немесе ЖСН тіркелмегенін білген жағдайда аталған орталыққа хабарласу арқылы анықтай алады», - деді Сәбит Ибадулла.