Kyzylorda-news.kz. Жаңақорғанда «Zhanakorgan Robotics-2019» робототехника чемпионаты өтті. Байқауда үздіктер қатарынан қожакенттік Ислам Мұзаппар мен Нұрсұлтан Мамат көрінді.

Балалар білім алатын №168 И.Әбдікәрімов атындағы мектепте робототехника сабағы 2018 жылдан бастап оқу бағдарламасына енгізілген. Бұл жайында бізге үйірме жетекшісі, информатика пәні мұғалімі Замира Муслимова сөз етті.

«Оқу бағдарламасында аптасына бір күн сабақ жүргізіледі. Оған 3-4 сыныптан бастап жоғарғы сынып оқушыларынан құралған 50-ден астам ізденімпаз қатысады. Екі жылдық оқу нәтижесінде балалар өз еркімен түрлі роботтар құрастыруға бейімделіп, еркін меңгерді. Белсенді төрт шәкіртім 8 сынып оқушыларынан құралған команда: Ислам Мұзаппар, Нұрсұлтан Мамат және Алихан Сұлтанбек, Дидарәлі Саруәрбектер пәндік олимпиадаларда көзге түсіп жүр. 2019 жылы Қызылорда қаласында КазРоботикс федерациясының ұйымдастыруымен өткен «Қара сызықты жылдамдық» командалық сайыста төртеуі бірге барып, табысты өнер көрсетті», – деді ол.

ІТ саласына бет бұрып, жаңа технологияны өз игіліктеріне пайдалып жүрген ізденімпаз жастардың да пікірін тыңдадық.

«Сабақ барысында ІТ негізгі программалау тілдерін үйренеміз. Екі жыл ішінде робот түрлерін жасауды меңгердік. Болашақта робототехниканы дамытуды мақсат етіп жүрмін. Ол үшін әрине тынбай еңбектеніп, осы саланы одан зерттеуім қажет», – дейді жас ізденімпаз Нұрсұлтан Мамат.

Аудандық чемпионат жайлы Ислам Мұзаппар өз әңгімесін былайша бастады.

«Бұдан бұрын да облыстық сайысқа қатысқанбыз. Аз болса да тәжірибеміз бар деп айтуға болады. Робосумо сайысында қара сызықпен сызылған шеңбер ішінде қарсылас роботты итеріп сызықтан шығару болды. Осы сайыста біздің робот бірнеше роботтарды сызықтан шығарды. Бір роботтан жеңіліп қалдық, сонымен екінші орынға табан тіредік», – деп қуанышын жеткізді.

ХХІ ғасыр жаңа технологияны меңгерген білімділер ғасыры. Бүгінде озық елдер роботты игеруге баса назар аударған. Тіпті ауылшаруашылығы, медицина, білім беру және т.б салада роботтардың қарасы артып келеді. Біздің ізденімпаздар да робот жасаудың қыр-сырын терең меңгеруді жолға қойған. Бүгінде олар кіші топтарға білген-көргенін үйретіп жүр екен. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, бұл ұстазының еңбегі нәтижелі екенін көрсетсе керек-ті.

Тағы да оқыңыз: