Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Nur Otan» партиясының жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының республикалық төрағасы Елнұр Бейсенбаевтың жастармен кездесуі өтті.

Кездесуде Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры Бейбіткүл Кәрімова модератор болды. Жиынға «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.А. Назаров, оқу – тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Б.Ж. Абдикаримов, Тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының бастығы Ж.Н.Базартай, «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тлес, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері, жастар ісі жөніндегі комитеті өкілдері, еріктілер штабының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жастар қанатының басшысы Елнұр Бейсенбаев өз сөзінде жастардың республика көлемінде көтеріп жүрген мәселелері және олардың шешілуі жолында атқарылып жатқан жұмыстары жайында сөз қозғады. Кездесудің басты мақсаты «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі қабылданатын Стратегиялық жоспарымен бөлісу, жастардың пікірлерін, ұсыныстарын тыңдау.

 «Биылғы жыл – еріктілер жылы, біздің әрқайсымыз ерікті жастармыз, жақсылық жасау бәріміздің де қолымыздан келеді, тек оған мейірімді жүрек пен ынта керек» -деді Елнұр Бисембаев. 

Жастар көшбасшысы белсенді жастармен пікір таластыру барысында тәжірибесімен бөлісіп, студенттерді жарқын болашақты бірге жасауға шақырды.

Шара барысында университетте білім алып жүрген алғыр, бетке ұстар студенттерді жастар қанаты қатарына ресми қабылдау рәсімі өткізілді.
«Домбыра думан» клубының төрағасы, белсенді студент Әли Кеңесұлы қонағымызға арнап қазақтың қара домбырасымен арнау айтып берді.

 Сонымен бірге, кездесуге қатысушы жастар Елнұр Сабыржанұлына биылғы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай бірлесіп ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін шырқауға ұсыныс білдірді. Ұсынысты үлкен ілтипатпен қабыл алған жастар көшбасшысы барша жиынға қатысушылармен бірге ән шырқап, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, бұл бастаманы барша Қазақстандық жастарға қолдау үшін «челлендж» жолдады.

Тағы да оқыңыз: