Қызылорданың кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің мәселесін шешіп берді – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылорданың кәсіпкерлер палатасы бизнесмендердің мәселесін шешіп берді

21.09.2021, 18:00

278 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап келген қызылордалық кәсіпкерлердің маман тапшылығына қатысты мәселесі Өңірлік кеңестің адами капиталды дамыту комитетінде қаралды.

Отырысқа комитет мүшелері мен облыстық білім басқармасы өкілдері, колледж басшылары, кәсіпкерлер қатысты.

«Квант» механикалық заводының директоры Жаңабай Бекішев кадрға қатысты сұранысты қазір шешпесе, алдағы уақытта завод ішіндегі темір жону цехының жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екенін айтты.

«Қазір біздің заводтағы темір жону цехында 22 станок бар. Алайда цех толық қуаттылыққа жұмыс істеп тұрған жоқ. Себебі маман жоқ. Қазіргі мамандарымыз да –зейнет жасындағылар. Ертең олар кетсе, цехтың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Бізге қазір темір жону станогында жұмыс істей алатын, электр қозғалтқыштарының тілін білетін мамандар керек. Қалада олар саусақпен санарлық, тіпті кей мамандық бойынша жоқ та», – деді кездесуде кәсіпкер Жаңабай Бекішев.

«Қызылорда жылу электр орталығы» МҚК өкілі Бақытжан Молдиманов та бұл мәселені растап отыр.

«Қазір жастардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығы жоқ. Біздің салада маман тұрақтамайтын болды. Оған жалақының аздығы себеп болып отыр. Бұрын бос орынға іріктеу жасайтынбыз. Қазір келген маманды таңдамай-ақ алатын дәрежеге жеттік. 10 адамды жұмысқа алсақ, 2-3 айдан кейін оның ең азы жетеуі түрлі себептерін айтып жұмыстан шығып кетіп жатыр. Бұрын жұмысшы мамандықтарына дайындау мектеп қабырғасында-ақ басталатын. Осыған орай, оқу-өндірістік комбинаттың тәжірибесін қайта енгізуді ұсынамын», – дейді Бақытжан Молдиманов.

Кәсіпкерлер маман даярлау процесіне өздері де араласуға, тіпті оқытқан мамандарын жұмыспен қамтуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде тараптар мәселені жан-жақты талқылап, нәтижесінде шешу механизмдеріне қол жеткізді.

«Бұл мәселені кәсіпкерлеріміз бұрын да көтеріп келді. Дегенмен осы жолғы кездесудің жөні ерекше. «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына» биыл өзгерістер енді. Аталған құжатқа сәйкес кәсіпкерлердің сұранысы бойынша кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары негізгі мамандыққа қосымша модуль енгізу арқылы жаңа біліктілікті игеруге мүмкіндік бере алады. Мәселен, дәнекерлеуші мамандығының білім бағдарламасы оқу жоспарына қосымша темір жонушы модулін қосу арқылы студентке екі біліктілікті қатар алуға немесе соңғысын таңдауға жағдай жасалып отыр. Біз осы механизмді кездесудегі кәсіпкерлердің сұранысы бойынша жақын күндері экспермименттік режимде өңірдегі кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарына енгізіп көргіміз келіп отыр. Ол үшін заңнамалық тұрғыда кедергі жоқ», – деді Кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Гүлмира Әлназарова.

Кездесуде көтерілген бұдан басқа мәселелер бойынша ұсыныстар «Атамекеннің» орталық аппараты арқылы Білім және ғылым министрлігіне ұсынылатын болды.

0

Пікір қалдыру