Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында ауыз су және көгілдір отынмен қамту, жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.

«Бүгінде облыс халқының 97%-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген және халықтың 63%-ы табиғи газды тұтыну мүмкіндігіне ие. Маусым айында Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ орнаттық. Келесі жылы газдандырылмаған жалпы саны 50 мың халық тұратын 5 елді-мекенге, оның ішінде 3 аудан орталығына көгілдір отын беруді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, жыл соңына дейін облыс халқының 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады. Сондай-ақ, су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңартуға жалпы құны 4,2 млрд.теңге болатын 28 жобаны іске асыру жұмысы жүргізілуде, бұл 101 мыңдай тұрғынды таза ауыз сумен қамтамасыз ететін болады», – деп атап өтті Г.Әбдіқалықова.

Облыс әкімінің айтуынша, биыл Қызылорда қаласында 15 шақырым жылу трассасын жаңарту жұмыстары жүргізілді, бұл жылу желілерінің тозуын 42%-дан 39%-ға дейін төмендетті.

Сондай-ақ, облыста 498 шақырымнан астам көлікжол, көшелер мен көпір өткелдері жөнделген.

«Әлеуметтік салада 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді (16,6 млрд.теңге), оның 7-і аяқталды, тағы 16-сын жыл соңына дейін бітіреміз. Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханалар салу мәселесін түбегейлі шештік. 2024 жылға дейін 62 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын жаңартуды жоспарлап отырмыз, осылайша, бұл мәселені толығымен шешеміз», – деді облыс әкімі.

Тағы да оқыңыз: