Kyzylorda-news.kz. Сыр елінде әр апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. өткен аптада Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласы шаруаларының өнімдері жәрмеңке алаңына қойылса, бүгін Жаңақорған және Сырдария аудандарының шаруалары ала жаздай еңбек өтіп баптаған өнімдерін қызылордалықтарға ұсынды.

Қалаға іргелес жатқан Сырдария ауданынан жәрмеңкеге жеңілдетілген бағамен 46 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Жанқожа батыр көшесінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде бақша өнімдері, қарбыз-қауын, жеміс-жидектер, күріш, сүт өнімдері мен балыққа сұраныс жоғары болды. Қала тұрғындары үшін 18 тонна ақталған күріш,18 тонна жем, 6 тоннадан астам картоп, 6 тонна басты пияз, 19 тонна қауын-қарбыз, 9 тонна көкөніс, 600 кг ет, 500 кг астам балық өнімдері, 260 литр сүт өнімі және 40 литр бал өнімі жеткізілді. Тауарлар нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды.

Жаңақорған ауданының шаруалары да жәрмеңкеге 180 тоннаның өнімін алып келді. 60 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде ет, сүт өнімдері, көкөніс, бақша дақылдары, жеміс-жидектер бар. Тұрғындар арасында Жайылманың қауын-қарбызына сұраныс жоғары болды.
Облыс әкімдігінің «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасы бойынша Жаңақорған ауданы осымен төртінші рет облыс орталығында жәрмеңке өткізіп отыр. Ал, жыл басынан бері 15 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұған дейін Сыр елінің Нұр-Cұлтан қаласындағы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 400 тонна өнім саудаланған болатын.

Айта кетейік, 4 желтоқсанға дейін облыс орталығының тұрғындары үшін апта сайын аудандардың ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі.

Тағы да оқыңыз: