Kyzylorda-news.kz. Бүгінде, ішкі істер саласының бір бөлшегі – тергеу саласының құрылғанына 56 жылды еншіледі. Адам тағдыры мен өмірін саралап, заңды шешім қабылдап, таразыларда ешкімнің қателіктерге жол беруге хақысы жоқ.

Қылыштың жүзіндей қызметте қырағылық танытып, әр қадамы қауырт, шым-шытырық оқиғаның түйінін таба білу мен табандылық, кіші басшы құрамнан аға басшы құрамға дейін тәрбиелік, үлкенге құрмет көрсету арнайы мектеп дайындауда ұзақ уақыт пен төзімділікті талап етеді.

Қазіргі заманауи шарықтау кезеңінде Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» саясатын жүзеге асыру мақсатында қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу алға қойылып, бірқатар тың жаңалықтарға толы.

Жас болса да өзінің жұмысына деген жауапкершілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында қатарларынан оза шауып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген өз ісінің майталманы – Қызылорда қаласының полиция басқармасының тергеу бөлімінің тергеушісі полиция капитаны Бекмұхамбет Әбдрасуллаев жайлы сыр шертеміз.

Бекмұхамбет Әбдрасуллаев 1992 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Мектепті жақсы тәмамдаған ол бала кездегі арманын іске асыру үшін заң саласын таңдап, 2013 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Құқықтану» факультетін  үздік бітірген.

Алғашқы қызмет баспалдағын 2013 жылдың тамыз айында Қызылорда облыстық полиция департаментінің Жол полиция басқармасының жол полициясы жеке батальоны арнайы взводының жол полиция аға инспекторы  лауазымынан бастаған.

Арманы асқақ Бекмұхамбет 2016 жылдың тамыз айында Қызылорда қаласының полиция басқармасының Ақсай полиция бөлімінің тергеу тобының тергеушісі лауазымына тағайындалған күннен бастап тыңғылықты жұмысы мен кәсіби деңгейінің арқасында ұжым арасында абыройлы, жұмыс іскерлігі биік, үлгілі дәрежеде қызмет атқарып келеді.

Оның бірден-бір дәлелі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігімен бекітілген тергеушілердің жеке рейтингін анықтау әдістемесін бекіту туралы бұйрығына сәйкес, 2019 жылдың 12 айында өндірісіндегі қылмыстық істерге барынша процестік шешім қабылдап, заңды баға берген ол ұшқыр ойымен, зеректігімен оңтайлы көрсеткіштерге қол жеткізіп, қырағылығымен көріне білді.

Әрине, бұл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен, Қызылорда облысының әкімімен және Департамент бастығының құрмет және алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған.

Жас тергеушінің тәлім-тәрбиесі, ұшқан ұясы жайлы тоқтала кетсек артық етпес. Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби «Адамзатқа әуелі тәрбие берулі керек, тәрбиесіз берілген білім қоғамға апат алып келеді» деген даналық сөзі осы кезде ойға оралады.

Бекмұхамбет қарапайым мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі – Алдажар Әбілов, доцент, филология ғылымдарының кандидаты, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетінің оқытушысы, анасы – Жаңылтқан Қашақбаева, осы білім саласында бірнеше жыл қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан.

«Әке көрген оқ жонар» дегендей, Бекмұхамбет үйде берген тәрбие мен білімін ұштастыра, өзіндік сөз саптауымен іскерлік қызмет барысында адамдармен тіл табыса білу, олардан жауап алу барысында өзіндік стилін қалыптастырып, адам өміріне қасақана ұйымдастырылған қылмыстарды тергеуде оң шешімін табуда.

Тағы да оқыңыз: