Kyzylorda-news.kz. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің “Динамо” дене шынықтыру-спорт қоғамының 95 жылдығына орай алысқа жүгіруден тәжірибесі бар 3 әуесқой спортшы еліміздің 18 қаласын жүгіріп өтпек.

Бүкілқазақстандық спорттық-экологиялық «Марафон 18 – 760greenkm» акциясы 20 қыркүйек күні Талдықорған қаласынан бастау алды. Болашақ ұрпақ үшін табиғат байлықтарын сақтап, салауатты өмір салтын насихаттап, қоршаған ортаны сауықтыру мақсатында ұйымдастырылған бұл акция еліміздің 18 қаласында өткізіледі.

«Динамо» қозғалысының белсенділері, спортшылар Ғалым Чуашев, Айдын Сәдібеков және Дмитрий Ким марафон өткізіп келеді. Сыр еліне ат басын тіреген марафон қатысушыларына қызылордалық тәртіп сақшылар лайықты қолдау көрсетіп, оларды қарсы алды.

«Біздің мақсатымыз еліміздің экологиялық мәселелеріне қоғамның назарын аударту, себебі бүгінгі таңда экология мәселесі өзекті. «Динамо» қоғамының философиясы салауатты өмір салтын ұстану, қоршаған ортаны қорғау. Сондықтан біз «Динамо» қызметкерлерімен бірігіп, табиғатты көркейту үшін ағаш егіп жатырмыз. Өз тарапымыздан біз Динамо басшылығына, әр қаладағы қолдау көрсеткен қызметкерлерге алғыс айтамыз», – деді спортшы Ғалым Чуашев.

Спортшылардың батыл бастамасын қолдаған қызылордалық тәртіп сақшылары да салауатты өмір салтын ұстанады. Себебі кәсіби біліктілігімен қатар спортты жанына серік еткен полицейлер ел алдындағы борышын сезінеді.

Талай сындарда шыңдалған мықты азаматтармен ұйымдастырылған бұл марафон өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, туған жерді қадірлеуге, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға шақыратыны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: