Kyzylorda-news.kz. Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі ұрпақ парызы. Теңдессіз ерліктің күшімен өскелең ұрпаққа бейбітшілік әкелген Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан бастаған қызметкерлер тобы Ұлы Отан соғысының ардагері Махамбет Бержанов ақсақалды Сырдария ауданына барып құттықтады.

Бүгінде Ұлы Отан Соғысының ардагері Махамбет Бержанов Сырдария ауданында тұрады. Соғыс кезінде Забайкал әскери округі 36-шы армиясының 293-ші атқыштар полкінде Чита облысында әскери борышын атқарған.

Ұлы Отан соғысы жылдарында «Жапонияны жеңгені үшін» I дәрежелі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Кеңес милициясына – 50 жыл» медальдарымен наградталып, «Үздік қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Отставкадағы милиция полковнигі Махамбет Бержанұлы 1925 жылы Жалағаш ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келген.

1948 жылы майданнан оралғаннан кейін, осы жылдың маусым айынан бастап, 1953 жылдың наурыз айына дейін Жалағаш және Қармақшы аудандық милиция бөлімдерінде кіші жедел уәкілі қызметін атқарған.

Кейіннен 1954 жылдың маусым айына дейін КСРО ІІМ-нің Алматы қаласындағы мектебінің тыңдаушысы болған. Осы жылдың маусым-тамыз айлары Арал аудандық милиция бөлімінің №585 арнайы комендатурасының коменданты, 1963 жылдың ақпан айына дейін Арал және Жалағаш аудандық милиция бөлімінің аға жедел уәкілі, сонан соң Сырдария аудандық милиция бөлімінің аға жедел уәкілі және Сырдария аудандық милиция бөлімі бастығының орынбасары болып еңбек еткен.

1975 жылдың мамыр айынан бастап, Қармақшы АІІБ-нің бастығы лауазымында болып, 1983 жылдың мамыр айында шекті жасқа толуына байланысты ішкі істер органдарынан құрметті демалысқа шыққан.

Бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі ардагер Махамбет ақсақал немере-шөберелерінің сүйікті атасына айналған қадірменді қария. 95 жастағы майдангер қазақ елінің болашағына зор сеніммен қарайды.

«Ұлы Отан соғысы кезінде майданға аттанған әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігі өлшеусіз. Оларға лайықты құрмет көрсету біз үшін парыз. Болашақ ұрпаққа сыйлаған бейбіт заман, ашық аспан, теңдесі жоқ ерліктеріңіз үшін жеке құрам атынан алғысымды білдіре отырып, өмірлік күш-қуаттарыңыз ұзағынан болсын дегім келеді», – деді арнайылап құттықтап келген Бектөре Жеңісбайұлы.

Айта кетейік, Қызылорда облысының Полиция департаментінде Ұлы Отан соғысының 2 ардагері, оларға теңестірілген 2 ардагер және 11 тыл еңбеккерлері қызмет атқарған.

Тағы да оқыңыз: