Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Жанар Сабихан үшін бүгінгі балалар мекересі қуанышты хабармен келіп жетті. Қазақ тілі білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы атындағы төртінші Республикалық қазақ тілі мен әдебиеті одимпиадасында жас зияткер ІІ дәрежелі димпломмен марапатталды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қоры сыйлығының иегері Qaztest.kz сайты ұйымдастырған білім додасына еліміздің барлық өңірлерінен мыңдаған мектеп оқушылары қатысты. Жанар өзге жас дарындылармен бірге ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен оның шығармашылығы аясында білімдерімен сайысты.

«Байқау тесті 25 сұрақтан құралды. Ұстазым Айгүл Бибатыровадан алған тәлім мен байқауға дайындық барысында жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жоғары балл жинап, екінші орынды иелендім. Жалпы бұл олимпиада менің тіл біліміне деген қызығушылығымды арттырып, ой-өрісімді кеңейткені сөзсіз», – дейді жас ахметтанушы.

Айта кету керек, қазақ тілі мен әдебиеті Жанардың сүйікті пәндерінің бірі, ал поэзия – оның адами құндылықтарын қалыптастырып, рухани азық беретін ерекше әлем деп есептейді.

Халықаралық балаларды қорғау күніне тұспа тұс келген жағымды жаңалығымен бөліскен жас өрен өзінің құрдастарына балалық шақтың берген мүмкіндіктерін пайдаланып, оны қызыққа, қуанышқа және жетістіктерге толы етіп өткізуді тілейді.

Тағы да оқыңыз: