Kyzylorda-news.kz. Қызылордалық ғалымдар күздік бидай өсірудің жаңа технологиясын ұсынды. Бұл туралы Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты хабарлады.

Төккен тердің өтеуі ретінде, өнімді күзде жинаушы еді. Ал бұл күздік бидайды маусым айының соңында шілденің басында жинайды. Қақаған қыстың аязына төтеп берген, көкпен бірге таласа шыққан 80 гектар күздік бидайдың технологиясы туралы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.

Неге Қаратау таңдалды?

Бүгінгі таңда Қаратау бөктерінде ондаған мың гектар құнарлы жерлер егістікке пайданылмай бос жатыр. Басты себебі – суармалы сумен суаруға жер релефінің келмейтіндігінен және жауын-шашын мөлшерінің аздығынан қолданыстағы технологиямен өсіріліп жүрген дақылдарға қажетті ылғалдың жетіспеуі және сол ылғалды сақтау мен оны тиімді пайдаланылатын дақылдар құрамының дұрыс шешілмеуі деп айтуға болады.

Пайдасы қандай?

Қаратау бөктерінде күздік бидайды инновациялық су жинағыш және ылғал сақтағыш технологияларын (аквагель) қолданып өсіру арқылы аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді, арамшөптер санын азайтады, осылайша топырақ құрамындағы ылғалды, қоректік заттарды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Сонымен бірге тұқым мен жанар-жағармай материалдарын үнемдеуге мүмкіндік береді, егістік жерлерді пайдаланудың экономикалық тиімділігі артады. 1 грамм аквагель түйіршіктері топырақтағы және жауын-шашыннан түсетін ылғалды өзіне сіңіру арқылы 500 гр дейін су жинайды. Сонымен қатар берілген тыңайтқыштарды өзіне сіңіру арқылы шайылып кетуден сақтап, өсімдікке қажетті ылғал мен қоректі беріп отырады.

Бұрындары егілмеген бе?

Күздік бидай күріш ауыспалы егісінен басқа жерлерде өте аз көлемде егіліп жүр. Оның үстіне күздік бидай дақылын еккенде ылғал жинағыш аквагель препартын қолдану аймақ тәжірибесінде пайданылмаған және аквагелдің бірнеше жыл бойы топырақ ылғалдылығын сақтайтын көпжылдық түрлері мүлдем қолданылмаған. Соңғы жылдары ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты Қызылорда облысында жылдық жауын-шашын мөлшері 150 мл шамасында тұрақтады. Ал ХХ ғасырдың орта кезеңдерінде жауын-шашын шамамен 250 мл болған кезде егін егіліп келген. Халық ауызында «пәрі» аталып кеткен бидай егіліп сапасы жағынан өте жоғары дән жинап, оның ұнынан нан жасалған. Кейінгі жылдары ылғалдың аз болып, температураның жоғарылауына байланысты бұл аймақтар қатерлі егіншілік аймағына жатқызылып, шаруалар егін егуден бас тартты.

Ендігі қадам қандай?

Институтта бір жылда екі өнім алу, аралық дақылдар өсіріп, оның дәнін азық ретінде, көк балаусасын мал шаруашылығына пайдалану немесе көк тыңайтқыш ретінде келесі дақылды егер алдында топыраққа беру технологиялары зерттелген. Ал ендігі қадам осының жаңғыру жолы десек артық айтқандық емес. Күздік бидаймен бірге себілген аквагель препараты 5 жыл бойы топырақ қабатында сақталып, өзінің құндылығын жоймайды. Осыны негізге ала отырып, күздік бидайды шілдеде жинап, күзге дейін пісіп үлгеретін және аквагелдің әсерін тиімді пайдаланатын, тағы да бір дақылдан өнім жинау технологиясын енгізу арқылы бір жерден екі өнім алып, гектар шығымдылығын көтеру мақсаты тұр. Әрине бұл жерде де технологиялық қадам, оның ішінде тұқымдарын зиянкестерден, аурулардан сауықтыру, биопрепараттармен қоректендіру, ылғал сақтағыш әдістерді қолдану назардан тыс болмайды. Екінші дақыл қандай екен деп ойлап отырған боларсыз. Ол кәдімгі тары мен сүрлемдік жүгері немесе басқа малазықтық дақылдар. Дәл осы қадам арқылы облыс бекіткен тұжырымдама іске асары сөзсіз. Ол қандай дерсіз? «Қызылорда облысының 2022 жылға дейінгі Агроөнеркәсіптік кешенінің өңірлік бағдарламасын іске асыру тұжырымдамасына» сәйкес дәнді дақылдар егісінің көлемін 10,0 мың гектарға дейін, жалпы өнімділігі 10,7 мың тоннадан 30,0 мың тоннаға дейін арттыру қаралған. Қазіргі таңда осы жоба нұсқасы әзірленіп, ғылыми дәлелденіп облыс назарына ұсынылуға жақын.

Тағы да оқыңыз: