Kyzylorda-news.kz. Қызылордадағы 30 жылдық тарихы бар «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауының жұмысы жыл санап жанданып келеді.

Ел арасында кеңінен танылған аталмыш ұжым пандемия уақытанда да халыққа көтеріңікі көңіл-күй сыйлап, жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Нақтырақ айтсақ, жеке youtube каналын ашып, сонда қойылымдар мен қысқа метражды бейнероликтерін, вайндарын жариялап отырды.

«Өнерді сүйетін ел барда театр ешқашан өлмейді. Ал дүйім жұрттан қолдау бар жерде сахна майталмандары аянып қалмасы анық. Сөзіме тұздық болсын. Мәселен, былтыр дүниежүзін шарпыған пандемия кезінде халықтық ұжым қарап қалған жоқ. Мәдениет үйінің facebook әлеуметтік желісі арқылы көрерменге көңіл-күй сыйлап, «Күліп a-like» айдарында «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауының телевизиялық концерттік бағдарламасынан үзінділер жарияланып тұрды. Сондай-ақ, каналдағы «Езу тартар» айдарында әзіл-сықақ отауының сахнагерлерінің қысқа метражды түрлі бейнероликтері көрерменге жол тартты. Мұның өзі үлкен еңбек», – деді А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің директоры Жанар Болатбекова.

Соңғы бес жылдан бері аталмыш ұжым «Қызылорда» телеарнасымен бірігіп те телевизиялық концерттік бағдарламалар түсіріп келеді. Бүгінге дейін түсірілген барлық интермедия бейнематериалдарын «Мереке-Думан» халықтық ұжымның Youtube каналында орналастырылған.

«Әзіл-сықақ отауының өзіндік орнының қалыптасуына және шығармашылық шыңдалуына көп жылдар бойы Тілеген Бекарыстанов пен Әзизә Іздіқұлова зор еңбек етті. Бүгінде осы істі жалғастырып келе жатқан ұжымда 8 адам жұмыс істейді. Бұрынғылар салған сара жолмен қазірде жиі мерекелік концерттік бағдарламаларға қатысып, жыл сайын дәстүрлі өткізілген әзіл-сықақ отауларының байқауында бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып жүрміз», – деді «Мереке – Думан» халықтық әзіл-сықақ отауының жетекшісі Салтанат Қаймашева.

Тағы да оқыңыз: