Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысындағы түзету мекемелерінде індеттің алдын алуда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жалпы карантин кезіндегі ҚАЖ мекемелерінің жедел-қызметтік жұмысы жөнінде Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Мұрат Нәкенов баяндады.
Бүгінде Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты 3 мекеме бар. Олар тергеу изоляторы, қоныс- қолониясы, қауіпсіздігі барынша аралас мекеме. Осы мекемелерде мыңға жуық айыпталушылар, күдіктілер және сотталғандар жазасын өтеп жатыр. Мекемелерде ұсталатын сотталғандарға қауіпті індеттің белгілері, таралуы, жеке гигиена ережелерін сақтау бойынша ақпараттық- түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

«Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 маусымдағы №43 қаулысына сәйкес барлық эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Күн сайын қапастарға 0,015% дезинфекция ертіндісі таратылады. Арнайы контигенттер таңертеңгілік серуенге шыққанда, әр қапасқа ұзақтығы 30 минуттан бактериоцидтік сәулелендіру жүргізіледі. Сотталушылар мен айыпталушылар бетпердемен қамтамасыз етілген. Тергеу қамағында отырғандар мен сотталғандардың денсаулық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында, мекемелерде барынша іс-амалдар жасап келеді. Жазасын өтеушілердің тазалығымен қатар, дене қызуын күн сайын өлшеніп, денсаулығына қатты мән берілуде. Сотталғандарға жеке қорғану құралдарын пайдалануды, адамдармен ара қашықтықты сақтауға, жеке гигиена ережесін сақтауға шақырады. Нақтырақ айтар болсақ, ағымымдағы жыл басында жабық мекемедегі жазаланушылардың денсаулығын жақсарту есебіне, қаражат бөлінген.Соның негізінде, бөлінген ақша игеріліп,қажетті препараттар сатып алынды», – дейді мекеме басшысының орынбасары.

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Мұрат Нәкенов

Мұрат Нәкенов сотталғандардың туған-туыстары, таныстары түзету мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізбекші болатын жағдайларға қатысты сұрақтарға да жауап берді.

«Түзеу мекемелерінің бақылап өткізу пунктінде жұмыс жасайтын бақылаушы қызметкерлер мекеме ішіне алып өтуге тыйым салынған заттың ішке өтіп кетуінің алдын алады. Бақылап өткізу бекетінде орналастырылған қол жүгін тексеріп өткізетін ренген құрылғысы сәлем- сауқаттағы тыйым салынған затты бірден анықтайды. Дер кезінде тиісті қызмет салалары шақырылып, тыйым салынға зат тәркіленіп алынып, сот- химиялық сараптамасына жіберіледі. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүрген сотталғандардың туған- туыстары, таныстары тыйым салынған заттарды әр түрлі әрекеттермен өткізбекші болады. Олар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылатындықтарын біле тұра осылай жасайды.Түрлі әрекеттерге барады. Әр қылмыстың жазасы бар екенін жіті түсіндіріп, ақпараттық тақтайшалар іліп, кездесуге келген туыстарына ауызша барлық заң талаптарын түсіндіріп, жазбаша қолхат алса да кейде қателікке бой алдырып жататындар бар. Қитұрқы әрекетпен біреуі тағамның ішіне есірткі жасырса, енді бірі айранның ішіне, келесі бірі мекеме қоршауынан мекеме ішіне лақтырады. Жуырда мекеменің тыйым салынған аймақ аумағынан бір азамат тыйым салынған затты қоршаудан лақтыру барысында ұсталды. Мекеме қызметкерлері мекеме аумағына тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, 20 грамдық щприцке тығыздалып, скотчпен оралған жасыл түсті өткір иісті кептірілген шөп табылып, Қызылорда ҚПБ-ның жедел тергеу тобы шақыртылып, тыйым салынған зат тәркіленді.Сот-химиялық сараптамасының қорытындысымен 15.16 гр «кептірілген марихуана екені анықталып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп- тексеру амалдары жүргізілуде»- дейді Мұрат Нәкенов.

Жыл басынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481 бабымен екі азаматқа айыппұл салынып, үш азаматқа «ескерту» берілсе, бес азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сырттан келушілерді тінту,тексеру барысындағы психологиялық жай-күйін бақылап, күдікті іс-әрекетін байқап, ішке алып өткізуге тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуіне жол бермеу мақсатында жұмыла жұмыс істеу, бұл әр қызметкердің ісіне жауапкершілік пен қатаң тәртіпті сақтауды қажет етеді.

Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында сотталғандарға туған-туыстарымен байланысу үшін ұзақ және қысқа мерзімді кездесулер тоқтатылды. Мекеме басшысының орынбасары олар туған-туыстарымен қалай байланысқа шығып жүргенін тілге тиек етті.

«ҚАЖ мекемелерінде сотталғандар мен тергеу қамауындағылар үшін жаппай мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салынған, олармен тәрбие жұмысын жүргізу тек жеке нысанда ғана ұйымдастырылатын болады. Індеттің таралуын болдырмау үшін, өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде қысқа және ұзақ мерзімді кездесулер тоқтатылды. Себеп қарапайым, коронавирус инфекциясына байланысты. Оның орнына жазасын өтеушілерге апта сайын туған-туыстарымен видеобайланысқа шығуға мүмкіндік жасалды. Карантин режимі енгізгелі жазасын өтеушілерді психологиялық және моральдік тұрғыда қолдау мақсатында Skype желісі арқылы сотталғандар туыстарымен хабардар болып отырады. Мұндай онлайн жүздесулердің артықшылығы бұрынғы бетпе-бет кездесуде тек ең жақынымен ғана кездессе, Skype желісі арқылы бала-шағасын, ағайындарын да көріп, жүздесіп жатады. Жазасын өтеп жатқан туғанын көру үшін жүздеген, кейде мыңдаған шақырымды артқа тастаудың, шығынданудың да қажеті жоқ. Еліміздің шалғай аймақтарында тұратындар осындай бейнекездесулер арқылы жақындарына қолдау көрсете алады. Жергілікті аудан, ауылдардан келе алмай жатқан жазасын өтеуші азаматтардың отбасылары ешқандай қиындықсыз үйде отырып, бейнебайланыс арқылы сөйлескендеріне ризашылығын білдіруде», – дейді ол .

Мұрат Сабырұлының айтуынша өңірдегі түзеу мекемелерінде 40-қа жуық шетел азаматы жазасын өтеп жатыр. Бұл азаматтар да індет орын алғалы туған- туыстарымен ғаламтор арқылы, яғни, скайп арқылы тілдесіп тұрады. Анасын, балаларын, жұбайын скайп жүйесі арқылы көрген сотталғандар қуаныштарымен бөлісіп жатады. Қазіргі таңда мекемелерде күніне 15 минуттық 10-нан астам онлайн кездесу өтеді. Мұндай жүздесулердің сотталғандар үшін оңтайлы жағдай екені анық.
Еліміздегі жағдайға байланысты сотталғандардың туыстарымен қысқа және ұзақ мерзімді кездесулері тоқтап қалғанымен, сәлемдеме өткізу тоқтаған жоқ. Бір сәлемдеменің салмағы 20 кг аспауы қажет. Сәлемдеме қол жүгін тексеруге арналған рентген құрылғысы арқылы өткізіліп, сотталғандарға жеткізіледі.
Карантин уақытында департамент басшылығы сотталғандарды жеке сұрақтармен қабылдап жатыр.

«Сотталғанды жеке сұрақтармен қабылдау жұмыстарын жүргіземіз. Жеке сұрақтармен өзім де Департамент бастығы әділет подполковнигі Шаймерден Тәжіқұлұлы сотталғандарды қабылдадық. Қабылдау барысында жазасын өтеуші азаматтар көбінесе сот үкімдеріне қатысты және жаза өтеу жағдайы тұрғысында жолығады. Ал , шетел азаматтары негізінен, мерзімімнен бұрын шартты түрде босатылған жағдайда, карантин уақытында еліне жету жолын сұрайды. Сонымен қатар онлайн арқылы Ұлтық алдын алу тетігінің өкілдері де жазасын өтеушілердің мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді», – дейді Мұрат Сабырұлы.

Мекемедегі жазасын өтеушілер – ауыр, аса ауыр қылмыс жасап, жазасын өтеп жатқандармен тікелей жұмыс жасайтын мекеме қызметкерлерінің қауіпсіздігі камера арқылы бақыланады.

«Түзеу мекемелерінде жұмыс жасайтын қызметкерлер толық бейнетіркегішпен қамтамасыз етілген. Таңертең ауысымға түскен қызметкерлер жұмыс соңына дейін бейнетіркегіш тағып жүреді. Бұл дегеніміз, сотталғандар тарапынан әрекеттер орын алған жағдайда қызметкердің кінәсінен бе, әлде сотталғанның тарапынан орын алды ма, соның анық-қанығын дәлелдейтін бірден- бір құжат десек те болады. Бейнетіркегіштегі жазбаларды жұмыс соңында арнайы терминалға тапсырылады. Бейнежазбаларды сонда сақталады. Қазіргі уақытта мекеменің ішкі –сыртқы аумағында, сотталғандар ұсталатын камераларда 400-ге тарта камера орнатылған. Әлі де мекемелерді камералармен толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Мұрат Накенов.

Тағы да оқыңыз: