Kyzylorda-news.kz. Баласын әркімнің қолына тастап, өзі Оңтүстік Кореяға кеткен қызылордалық әйелдің ұлы қоғамда «Маугли бала» атанып, біраз талқыға түскен болатын. Міне, сол баланы атақты журналист Миуа Байназарова асырап алмақшы екен.

Танымал журналист Миуа Қожасқызының біздің ақпарат агенттігіне берген сұхбатында атап өткеніндей, қазіргі таңда аталған баланы асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу үстінде екен. Ал, баланы әркімнің қолына тастап кеткен әйел Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2020 жылғы 28 қаңтардағы қаулысымен аналық құқығынан айрылғанын біз осы уақытқа дейін хабарлаған болатынбыз.

«Иә, ол баланы асырап алуға керекті құжаттарды жинап жатқаным рас. Оның қоғамда «Маугли бала» атанып кеткенін өзім жақында ғана білдім. Қызылорда қалалық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орталыққа маған дейін осы баланы асырап алуға 5 отбасы өтініш түсіріпті. Бірақ, бәріне берілмейтін болып шешілген. Жасыратыны жоқ, керекті құжаттардың саны өте көп. Бір ғана тері аурулары бөлімінен он шақты құжат керек екен. Мен бұл қадамға ақша үшін барып отырғаным жоқ. Ол да адамның баласы. Оны тәрбиелеп, қоғамға дұрыс азамат болып қосылғанын қалаймын. «Аналық мейірім» деген болады, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді белгілі журналист Миуа Байназарова.

Жасыратыны жоқ, аталған сот отырысындағы айтылғанындай, баланың ұлты – кәріс ұлтынан. Осы орайда, Миуа апамыз балаға қазақы есім таңдағанын айтады.

«Бала – 9 жаста. Мектепке бармаған. Қалалық білім бөлімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орталық мамандарының айтуынша, «баланың дамуында тежеліс бар, анық сөйлей алмайды, балаға «Психикалық даму бөгелісі» диагнозы қойылған» дейді. Бірақ, бала сөйлей алады. Орысша сөйлейді. Дегенмен, мүлдем әріп танымайтыны рас. Құжаттары аяқталып, баланы қолыма алсам, оған «Нұртөре» деп ат қоямын. Белгілі журналист, қазіргі депутат Нұртөре Жүсіпке хабарласып, «Сенің атыңды қоямын» деп айттым. Ол рұқсатын берді. Сондай-ақ, баланы қазақы салтпен сүндетке отырғызбақпын», – дейді журналист.

Миуа Қожасқызы бізге берген сұхбатында балаға күн сайын барып тұратындығын да атап өтті. Сондай-ақ, бала асырап алуда біраз қиыншылықтар бар көрінеді.

«Нұртөреге (Миуа апамыз осы бастан баланы солай деп атап кеткен – авт.) күн сайын жеміс-жидектер алып барып тұрамын. Оған арнап ұялы телефон да алып қойдым. Бірақ, орталықтағы басқа балалар тартып алып қоя ма деп қорқамын. Қазір маған орталықтағылар «Баланы алу үшін 3 ай бойы арнайы оқу курсынан өтуіңіз керек» дейді. Осы 3 айлық оқу курсы қиын болып тұр. Ол оқудан қашпаймын, оқимын, курстан өтемін. Бірақ, баланы ол 3 айды күтпей, тәрбиелей берейін десем, оған орталықтағылар көнбей отыр. Ол 3 айға дейін баланы қазақшаға үйретуім керек қой. Әріп танымайды, кеш болмай тұрғанда бір мұғалім жалдап, сауатын ашуым қажет емес пе? Шынымды айтсам, осылай сандалып жүргеніме 1 аптадан асты. Сенбі, жексенбі күндері баланы үйіңе алуға болады екен. Қарапайым ғана осыған рұқсат етпей отыр. Аталған орталықтың қыздары да, қалалық білім бөлімі де еш жөнін айтпайды», – дейді ол.

Бір қызығы, Миуа апамыздың ұлы мен қызы Нұртөренің өздерінің отбасының бір мүшесі атануын асыға күтіп жүрген көрінеді.

«Ұлым да, қызым да қуанып жүр. Екеуі де қабылдап отыр. «Оқуына көмектесемін, мұғаліммін ғой» дейді қызым. Бірақ, ұлымда аздап қызғаныш бар. «Мама, сенің қасыңа жатады ма?» деп сұрайды. Лажы болса, менің қасыма жатқызғысы келмейді. Өзі де жатпайды ғой. «Сенің қасыңа жатады, ұлым» дедім кеше. «Болды, інімді өзім жаныма алып жатамын. Үйге қашан келеді?» деп мәз болып қалды», – дейді М. Қожасқызы.

Арамызда Миуа апамыз секілді жүрегі мейірімге толы жандар көп болса, біздің қоғамда «Маугли бала» секілді жетімдер болмас еді…

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

ЕСКЕРТУ: Эксклюзивті материалды «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің жазбаша рұқсатынсыз көшіріп басуға болмайды.

Тағы да оқыңыз: