Kyzylorda-news.kz. Осыдан тура 10 жыл бұрын 23 қараша күні «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының Сырдария шағын ауданында 320 балаға арналып, 16 топты қамтитын «Алтын ұя» балабақшасы ашылды. Балабақшаның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев қатысты.

Бүгін осы «Алтын ұя» балабақшасы ерекше думанға бөленді. Он жыл бойы жүздеген бүлдіршіндерді түлеткен ұжым өзінің мерейтойын айрықша сән-салтанатпен атап өтті.

Бүгінде «Оқу ісінің үздігі» жоғары санатты педагог Зафура Ерназарова басқарып отырған «Алтын ұя» бөбекжай-бақшасы – халықытң зор сеніміне ие болып келе жатқан тәрбие мен білім ұясы.

Елбасы ашқан балабақшаның қаладағы басқа балабақшалардан ерекшелігі – бассейн және көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Балалар танымдық дағдыларын дамыту үшін «Робототехника», «Интеллектум ойындары» үйірмелеріне қатысады.

Он жылдан бері Қызылорда қаласындағы №1 балабақшаға айналған бөбекжай өзінің айтулы мерейтойын зор жетістіктермен қарсы алып отыр. Балабақшаның тәрбиешілерінен бастап, балдырған бүлдіршіндеріне дейін облыстық деңгейді былай қойғанда, республикалық, халықаралық көптеген байқаулардың жеңімпазы атанған. Ұстаздарының алды республикамыздың түкпір-түкпіріндегі басқа әріптестеріне өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, көптеген әдістемелік құралдары еліміздегі барлық балабақшаларға таратылғаны ерекше атап өтуге тұрарлық.

Міне, облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арасындағы айрықша орны бар «Алтын ұя» балабақшасының ұжымын 10 жылдық мерейтойымен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Мира Қазбекова, қалалық Білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіхалықова құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

«Балабақша – барлық тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы. Мұндағы тәрбие мен білім балалардың табиғи мінезін, қабілетін ерте жастан дамытады. Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Ендеше мектепке дейінгі үздіксіз тәрбиемен, біліммен қамтуды басты мақсат тұтқан «Алтын ұяның» алғашқы онжылдықтағы қомақты табыстарын мақтанышпен айта аламыз. Осыдан тура 10 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұсауын кескен балабақша осы уақыттың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, бүгінде елімізге танылды. Бүлдіршіндердің бойына сапалы білім мен тағылымды тәрбие дарытуды мақсат тұтқан ұжымның алар асуы әлі алда екеніне сенімдіміз», – деді қала әкімінің орынбасары Мира Жомартқызы.

Сондай-ақ, облыстық Білім беру басқармасының бас маманы Зарипа Матжанова, облыстық Оқу орталығы басшысының орынбасары Гүлнар Диханбаева, Қызылорда қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Орынша Әлімбетова балабақшаның бірқатар үздік қызметкерлеріне облыстық Білім беру басқармасы мен кәсіподақтың түрлі марапаттарын табыс етті.

Атағы елімізге жайылған балабақшаның мерейтойымен құттықтап келген Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құзіреттілікті дамыту бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Тұрарқызы, Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының ардагер ұстаздары Кашура Смайлова, Гүлзада Қарабалаева, қаладағы басқа да балабақша меңгерушілері Салтанат Қасенова, Райкүл Бисенова, Алтынай Төлепбергенова киелі шаңырақтың жетістіктері мен ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, алдағы күндері де биіктен көріне берулеріне тілектестігін білдірді.

Салтанатты шара барысында бөбекжайдың тәрбиеленушілері әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі. Түрлі композициялық қойлымдар қойып, кішкентай бүлдіршіндер өздерінің өнерлерімен жиналған қауымды тәнті етті.

Балабақшаның 10 жылдық тарихының куәгерлері – ұлағатты ұстаздар да сахна төрінен табылып, өздерінің ерекше құттықтауларын жеткізді. Бөбекжай бүлдіршіндерін инновациялық технологиялармен тәрбиелеуде өз үлестерін қосып жүрген жаңашыл мұғалімдер Инновациялық педагогтар шеруін ұйымдастырып, жас ұстаздар да өз өнерлерін ортаға салды.

Тағы да оқыңыз: