Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен аппарат отырысында коронавируспен күрес шаралары және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында қолға алынатын жобалар талқыланды.

Аппарат отырысында атап өтілгендей, аймақта карантин режимінің енгізілуіне байланысты облыс бойынша Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандарға 35 бақылау-өткізу және тосқауыл бекеті қойылған. Бүгінде жалпы көлемі 925 687 шаршы метр аумаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген.

Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы бұған дейін бөлінген қаржыға тосқауыл-бекеттерін және мамандарды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Алдағы уақытта дәрігерлерге қосымша “COVID-19” вирусына қарсы арнайы киім сатып алынбақ.

Төтенше жағдайға байланысты Үкімет тарапынан 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» қабылданған. Жол картасының негізгі мақсаты – инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып, жұмыссыздық деңгейінің төмендету.

Осы жол картасын іске асыру мақсатында облысқа 36 957 млн. теңге қаржы бөлінеді. Аймақта 276 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде, тұрғын үй-коммуналдық, инженерлік-көліктік инфрақұрылым саласында қолға алынатын тың бастамалар бар.

Қызылорда қаласында 5 аумақтың (Шанхай, Титов, Гагарин, КБИ, әл-Фараби) жол инфрақұрылымы салынады және көпір мен елді мекендердегі кіреберіс жолдар жөнделеді. Әлеуметтік-мәдени және тұрғын үй-коммуналдық салаларда 24 нысан қайта жаңғыртылып, 41-і күрделі жөндеуден өткізіледі.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тиісті сала басшыларына ең алдымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясындағы жобаларды уақытылы және сапалы жүргізуді тапсырды.

“Ең бастысы жұмыссыз азаматтар бірінші кезекте қамтылуы тиіс”, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

​Ал коронавируспен күрес бағытына келсек, өңірдегі тосқауыл бекеттеріндегі мамандарға қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, оларды уақытылы тамақтандыру, адамдардың кіріп-шығу процестерін жеңілдету, сондай-ақ залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті қаржы бөлінген.

​Бұдан бөлек, коронавирус тіркелген аймақтарда медицина қызметкерлеріне жатын орындар беру, қажет болған жағдайда тұрғын үй коммуналдық шығындарын өтеу мәселелері қарастырылуда.

​Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау саласында облыста кемінде 1,5 айлық қормен қамту жоспарланып отыр. Қалалар мен аудан әкімдеріне әлеуметтік төлемдер берілетін жерлерде (банктер мен почталар) азаматтардың шоғырлануын болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, Президенттің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасы Байқоңыр қаласы азаматтарының өмірі мен денсаулығын қорғау және коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін тиісті шараларды жоғары деңгейде қабылдау керектігі айтылды.

Тағы да оқыңыз: