Қызылордада жұмыс жасауға рұқсат етілген кәсіпкерлік субъектілері анықталды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада жұмыс жасауға рұқсат етілген кәсіпкерлік субъектілері анықталды

29.04.2020, 18:00

640 0

Kyzylorda-news.kz. 28 сәуірде Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері №11 қаулыға қол қойды. Қаулыға сай аймақта карантин 11 мамыр сағат 00.00-ге дейін ұзартылды.

Қаулыға сәйкес Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссия Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай кезінде кезең-кезеңмен жұмыс жасауға рұқсат берілетін салалардың және ұйымдардың тізімін бекітті.

Бірінші кезең – 29 сәуірден бастап жұмыс жасайтын төмендегі кәсіпкерлік субъектілері барлық санитариялық-дезинфекциялық іс-шараларды жүргізе отырып, сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды:

– сақтандыру қызметі;

– нотариалдық қызмет;

– медициналық қызмет көрсету (ЛОР, стоматология, офтальмология, ультрадыбысты зерттеулер, МРТ, КТ, зертханалар, гинекология, урология);

– автокөліктерге қызмет көрсету орталығы;

– май ауыстыру қызметі;

– көлік жуу қызметі;

– желімдеу қызметі;

– шаштараз қызметі;

– аяқ киім жөндеу қызметі;

– электроника және тұрмыстық техника сататын сауда үйлерінің қызметі және оларды жөндеу «Тұтынушыға дейін жеткізу» қағидаты бойынша;

– курьерлік қызметтер;

– ауылшарушылық техникасы мен оған қосалқы бөлшектерін сататын жеке және заңды тұлғалар;

– ауылшарушылық техникасына сервистік қызмет көрсететін ұйымдар;

– дақыл тұқымдары мен көшеттерін сататын жеке және заңды тұлғалар;

– «Гүлдана» базары (Әбілқайырхан көшесі, Жаңа базар аумағы);

– «Әшір» сауда орталығы (Әйтеке би көшесімен Қонаев көшесінің қиылысы).

Мұнан өзге, штаттық режимде жұмыс жасайын дәріханаларды қоспағанда, азық-түлік гипермаркеттері, оптомаркеттер, супермаркеттер, минимаркеттер, дүкендер, бірінші кезекте қажетті тауарлар (шаруашылық және гигиеналық тауарлар) саудасы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен күнделікті сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Мейрамханалардың, дәмханалардың, асханалардың және басқа да қоғамдық тамақтану объектілері «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша саудасы күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен күнделікті сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін жұмыс жасайды.

Азық-түлік көтерме сауда орындарына «азық-түлік дүкендеріне дейін жеткізу» қағидаты бойынша сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасауға рұқсат етілген.