Kyzylorda-news.kz. Қызылордада «Жастар жылының» басты тартуы саналатын Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан «Жастар орталығының» ғимаратында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен «Жастар балы» өтті.

Бұл шара қала жастарының «Жастар жылының» қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылған.

Салтанатты шараға арнайы қатысқан қала әкімі Н.Нәлібаев «Жастар балында» барша жастарды әлем халықтарының ортақ қуанышына айналған Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жыл көлеміндегі айтулы жетістіктеріне тоқталып өтті.

Ең бастысы – 2019 жылдың қорытындысымен Сыр елінің абыройын сан түрлі саладағы зор жетістіктерімен асқақтатып, бүгінде өңірдің дамуына жастық жігері мен күш-қайратын аямай еңбек етіп жүрген жалынды жастарға арналған қала әкімінің дәстүрлі «Самғау» сыйлығы табысталды.

Қала жастарына арналған бұл сыйлық биыл 8-ші жыл үзіліссіз ұйымдастырылып келеді.

Биыл «Самғау» сыйлығы иегері атануға ниетті 39 үміткерден құжаттар қабылданып, арнайы комиссияның қорытындысымен іріктелген 10 жалынды жасқа қала әкімінің «Самғау» сыйлығы және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы табысталса, әр салада жетістіктерімен көзге түскен 12 жас арнайы номинациялар мен алғыс хаттармен марапатталды.

Өңір жастары үшін тағы бір жағымды жаңалық «Жастар жылына» тарту және шығармашылық пен руханияттың көшін жалғап келе жатқан жастарға деген аға буынның алғысы мен шынайы ризашылығы ретінде «Жастар жырлайды» атты жыр жинағының тұсауы кесілді.

Мың дана болып басылған бұл жинаққа қаладағы 20 жас ақынның ең таңдаулы деген өлеңдері енген.

Тағы да оқыңыз: