Қызылордада «Жастар аллеясы» ашылды – Kyzylorda News
Басты бет

Қызылордада «Жастар аллеясы» ашылды

10.04.2021, 17:00

606 2

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай бүгін «Жастар орталығы» ғимаратының жанынан «Жастар аллеясы» ашылды.

Аллеяның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досманбетов пен Қожахмет Баймаханов, ҚР Мемлекеттік «Серпер» сыйлығының иегері Ақбота Керімбекова және спорт майталмандары, танымал тұлғалар мен Сыр жастары қатысты.

Шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет елімізде жастарға жасалып жатқан қолдаудың артқанын айтып, аймақта жастар саясатында бірқатар жобалардың жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.

«Елбасы, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» – дей келе, кейінгі толқынға жөн көрсетіп, қолдау білдіру аға буынның міндеті екенін айтқан болатын. Жастарымыз осы межеден көріну үшін оларға жағдай жасап, бастамаларына қолдау білдіріп келеміз. Елімізде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Оның ішінде аймақтың мемлекеттік жастар саясатында да бірқатар қолдаулар,жаңа жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, Үкімет Қаулысымен бекітілген 5 жылдық кешенді жоспарға сәйкес нақты міндеттер белгіленді. Соның аясында осы жылы аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 421 млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде жастар бастамаларын қолдау мен олардың шығармашылығын арттыруға бағытталған әлеуметтік жобаларға 162 млн теңге қаралып, жастар қоғамдық ұйымдары 34 жобаны жүзеге асыратын болады. Жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу бойынша алдағы бес жылдықта 7 мыңға жуық жас «Жасыл ел»және «Жас құрылысшылар» еңбек жасақтарының қатарына тартылатын болады. Биылдың өзінде «Жасыл ел» қатарында 1115, «Жас құрылысшылар» қатарында 300-ге жуық жасты еңбекпен қамтитын боламыз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Таза табиғат» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. Бүгін міне,осы мақсатта Сол жағалауда алғаш рет тал отырғызу шарасы ұйымдастырылып, қала көркіне сән берер «Жастар аллеясы» ашылуда. Игілікті істер жалғасын таба берсін! – деді Серік Ахмет.

Мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досмамбетов соңғы жылдары Қызылорда облысының көркейіп келе жатқанын тілге тиек етіп, бүгінгі ашылған аллеяның жастар үшін қамқорлық екенін жеткізді. Ал, эстрада жұлдызы Ақбота Керімбекова Сыр жастарын жаңа нысанмен құттықтап, әннен шашу шашты.

Мұнан соң шара қонақтары мен ерікті жастар су жаңа аллеяға 160 түп ағаш отырғызды. Болашақта аллеяның көркеюі мен отырғызылған ағаштардың күтіп-бапталуына Сыр жастары өз үлестерін қоса бермек.

2

  • 5 корпусқа қарама қарсы баққада теректер мен газон отырғысса тамаша болар еді! Бостан бос сор басып жатыр осыншама жер.Қолда барды неге істемеске?

  • С.Бейбарыс көшесінің бойына салынған көп қабатты үйлердің артынан, арық болмаса да пластикалық құбыр жүргізсе екен көгалдандыру мақсатында.Жасыл желең отырғызсаң су жоқ,бұрқыраған шаң,шақырайған күн.

Мәкеңнің баласы үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау